Жетісу облысында полиция қызметкерлері Балқаш-Алакөл облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мамандарымен бірлесіп, уылдырық шашу кезеңінде заңсыз балық аулау дерегінің жолын кесті.
Тергеу барысында Алакөл ауданының тұрғыны уылдырық шашу кезеңінде балық аулауға тыйым салынғанын біле тұра, Алакөл көлінің бір учаскесіне заңсыз түрде екі ау салғаны анықталды. Келесі күні ол аулардан 31 келі сазан балығын алып, заңсыз ауланған өнімді тасымалдамақ болған кезде полиция қызметкерлері мен балық қорғау инспекторларының қолына түсті.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, заңсыз әрекеттің салдарынан мемлекетке 522 мың теңгеден астам материалдық залал келтірілген. Уылдырық шашу кезеңіндегі заңсыз балық аулау аса қауіпті, өйткені дәл осы уақытта балықтар көбейіп, ұрпақ өрбітеді. Мұндай заңсыз аулау балық қорының азаюына, табиғи көбею процесінің бұзылуына және су айдындарының экожүйесіне елеулі зиян келтіреді.
Сот қылмыстық істі қарап, азаматты кінәлі деп таныды. Оған 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Жетісу облысының полициясы табиғат қорғау заңнамасын сақтау – әр азаматтың міндеті екенін еске салады. Уылдырық шашу кезеңінде су биологиялық ресурстарын заңсыз аулау өңірдің табиғи байлығына қауіп төндіріп, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. Табиғатты қорғау мен экожүйені сақтау – келер ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілік.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1268628?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау