Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеру, өнімді терең өңдеу және қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысының агроөнеркәсіп кешенін жаңғырту, отандық өндірісті дамыту және ауыл экономикасын нығайту жөніндегі тапсырмалары өңірде нақты жобалар арқылы жүзеге асырылып келеді.
Осы бағытта облыста үш негізгі стратегиялық кластер – мақта-тоқыма, жүгері және ет кластерлері қалыптастырылуда. Бұл жобалар ауыл шаруашылығы өнімдерін тек өндірумен шектелмей, толық өңдеу тізбегін құруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
Мақта-тоқыма кластері: шикізаттан дайын өнімге дейінгі толық цикл.
Түркістан облысында мақта саласында толық өндірістік тізбек қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында мақта өсіруден бастап, оны өңдеу, жіп өндіру, мата шығару және дайын тігін өнімдерін өндіруге дейінгі толық цикл жолға қойылады. Бұл бағытта жалпы құны 201 миллиард теңгені құрайтын 5 ірі жоба іске асырылуда. Нәтижесінде 7 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Кластер толық қуатына шыққан кезде мақта өнімділігі екі есеге артып, гектарынан 60 центнерге дейін жеткізіледі.
Өткен жылы осы бағытта:
• 2 мақта өңдеу зауыты;
• 2 су үнемдеу технологияларын өндіретін кәсіпорын;
• жіп иіру фабрикасы іске қосылды.
Биыл мақтаны терең өңдеуге бағытталған жаңа өндіріс орындарының құрылысы жалғасуда. Атап айтқанда:
• мата өндіру;
• бояу-әрлеу;
• тігін өндірісі;
• джинсы материалдарын шығару бағыттары дамытылады.
Бұл жобалар Түркістан облысын тек мақта өндіруші өңір емес, дайын өнім шығаратын қуатты өндірістік аймаққа айналдыруға бағытталған.
Жүгері кластері: ауыл шаруашылығы өнімін терең өңдеудің жаңа бағыты.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу саласындағы ірі жобалардың бірі – жүгері кластері. Осы бағытта құны 34 миллиард теңгені құрайтын «Казкрахмал» зауытының құрылысы толық аяқталды. Кәсіпорын жақын уақытта іске қосылады. Заманауи өндіріс орнында жылына 150 мың тонна жүгері терең өңделіп, 26 түрлі өнім шығарылады.
Жоба ауыл шаруашылығы шикізатын тиімді пайдалануға, импортты алмастыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүгері алқаптарының көлемін ұлғайту жоспарлануда. 2030 жылға қарай жүгері егістігі 40 мың гектардан 70 мың гектарға дейін жеткізіледі.
Бұл өңірдегі жүгері өндірісін жаңа сапалы деңгейге көтеріп, агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуына серпін береді.
Ет кластері: индустриялық мал шаруашылығы дамуда
Түркістан облысында ет өндірісін ұлғайту және экспорттық әлеуетті арттыру бағытында ірі жобалар жүзеге асырылуда.
Қазіргі таңда:
• «Kaz Eco Meat»;
• «Turkestan Agro»;
• «Қарқын Трейд»;
• «Бесқара»
ет өндіру кешендері іске қосылды.
Аталған жобалардың нәтижесінде қосымша 83 мың тонна ет өндірілетін болады.
Жалпы, 2025 жылы облыста 130 мың тонна ет өндірілді.
Мал шаруашылығын индустриялық негізде дамыту мақсатында Орталық Азияда теңдесі жоқ ірі жоба жүзеге асырылуда. Австралиялық тәжірибеге негізделген 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде. Нысан тамыз айында пайдалануға беріледі.
Сонымен қатар заманауи мал биржасының құрылысы жалғасуда. Ол жыл соңына дейін іске қосылады.
Құс шаруашылығы саласында да жаңа өндіріс орны бой көтеруде. Жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін ірі фабриканың құрылысы басталды.
Агроөнеркәсіптік серпіліс – жаңа жұмыс орындары мен экономикалық өсімнің негізі.
Үш стратегиялық кластер толық қуатында жұмыс істеген кезде, 2027 жылға қарай Түркістан облысында қосымша 447,5 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндіру жоспарлануда.
Бұл жобалар:
• ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге;
• жаңа өндірістер ашуға;
• ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуға;
• экспорт көлемін арттыруға;
• өңір экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Түркістан облысы бүгінде аграрлық әлеуетін тиімді пайдаланып, заманауи өндіріс пен терең өңдеуге негізделген жаңа экономикалық модель қалыптастырып келеді.
Түркістан – ауыл шаруашылығының жаңа мүмкіндіктері тоғысқан, қуатты өндіріс пен тұрақты дамудың өңірі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-auyal-zharuazhalyk/press/news/details/1268856?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау