Технологиялардың қарқынды дамуы, еңбек нарығы талаптарының өзгеруі және жасанды интеллекттің өмірдің барлық саласына кеңінен енуіне байланысты білім беру мазмұнын жаңарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Бұл жұмыстар Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен 2025 жылғы қыркүйектен бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
Кейіннен бұл бағыттың құқықтық негізі күшейтілді. 2025 жылғы қарашада Қазақстан Республикасының «Жасанды интеллект туралы» Заңы қабылданды, ал 2026 жылғы мамырда Мемлекет басшысы жасанды интеллектті орта білім беру жүйесіне енгізу туралы Жарлыққа қол қойды. Осы құжаттарды іске асыру аясында мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары, үлгілік оқу бағдарламалары және үлгілік оқу жоспарлары жаңартылды.
«1–4-сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәнінің атауы «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект» болып, ал 5–11-сыныптардағы «Информатика» пәнінің атауы «Информатика және жасанды интеллект» болып өзгертілді. Бұл тек пән атауының ауысуы ғана емес. Жасанды интеллект цифрлық технологиялар мен информатиканың ажырамас бөлігіне айналды. Осыған байланысты пәндердің мазмұнына жасанды интеллектке қатысты жаңа бөлімдер енгізіліп, жалпы саны 43 оқу мақсаты қамтылды.
Бүгінде оқушылар жасанды интеллект құралдарын күнделікті өмірде пайдаланып жүр. Ендігі міндет – оларды бұл технологияны жай ғана қолдануға емес, оны сауатты, тиімді әрі жауапкершілікпен пайдалануға үйрету.
1–4-сынып оқушылары «Медиасауаттылық және медиа» бөлімі аясындағы 17 оқу мақсаты арқылы жасанды интеллектпен күнделікті өмірден алынған қарапайым мысалдар негізінде танысады. Олар цифрлық қауіпсіздік, жеке деректерді қорғау және цифрлық ортадағы жауапты мінез-құлықтың негіздерін меңгереді.
5–9-сынып оқушылары «Компьютерлік ойлау және бағдарламалау», «Денсаулық, қауіпсіздік және жасанды интеллект» бөлімдеріндегі 14 оқу мақсаты аясында оқу үдерісінде жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалануды үйренеді. Олар сапалы сұраныс (промпт) құрастыруды, алынған нәтижелерді сыни тұрғыдан бағалауды, сондай-ақ киберқауіпсіздік пен академиялық адалдық қағидаттарын сақтауды меңгереді.
10–11-сыныптарда «Деректерді басқару және жасанды интеллект» бөлімі бойынша 12 оқу мақсаты жасанды интеллекттің жұмыс қағидаттарын түсінуге және оны тәжірибеде қолдануға басымдық береді. Оқу бағдарламасына машиналық оқыту, нейрондық желілер, деректерді талдау және қолданбалы криптография негіздері енгізілген.
Жаңартылған оқу бағдарламалары өткен оқу жылында сәтті сынақтан өтіп, оң сараптамалық қорытынды алды. Қазіргі уақытта олар белгіленген тәртіппен бекіту рәсімінен өтуде.
Сонымен қатар педагогтер үшін білім беру үдерісінде жасанды интеллектті тиімді әрі қауіпсіз пайдалану жөніндегі әдістемелік ұсынымдар әзірленуде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanai-kostanai-nadezhdin/press/news/details/1269748?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау