С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің базасында ауыл шаруашылығы статистикасының нақтылығын қамтамасыз ету және мемлекеттік субсидиялар төлеу кезінде заңбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының алтыншы отырысы өтті.
Отырысқа ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Ұлттық статистика бюросының, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ның, Қаржылық мониторинг агенттігінің, Жоғары аудиторлық палатаның, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның және ғылыми қауымдастықтың өкілдері қатысты.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин деректерді нақтыландыру жұмыстарының стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігінің бастамасымен 2024 жылы жүргізілген бірлескен түгендеу нәтижесінде статистикалық есептен 2 млн бас ірі қара, 3,2 млн бас қой мен ешкі, 3 млн тонна сүт, сондай-ақ 1,7 млн тонна картоп пен 300 мың тоннадан астам пияз шығарылды.
«Ауыл шаруашылығы саласындағы статистикалық деректердің нақтылығын қамтамасыз ету – негізгі міндеттердің бірі. Өйткені статистикалық ақпараттың сапасына мемлекеттік жоспарлау мен саланың даму болжамдарының дәлдігі тікелей тәуелді», – деді Аманғали Бердалин.
Сондай-ақ ол IT жүйелерін ықпалдастыру және мемлекеттік органдар арасындағы деректер алмасуды жолға қою арқылы жүйелі есепке көшудің қажеттігін атап өтті.
Отырыс қорытындысы бойынша ғарыштық мониторинг арқылы бақыланатын ауыл шаруашылығы дақылдарының тізбесін кеңейту, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің ғалымдарымен бірлесіп жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, сондай-ақ Жерді қашықтан зондтау (ЖҚЗ) деректерін агросақтандыру мен субсидияларды бақылау тетіктерінде қолдану туралы шешім қабылданды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/moa/press/news/details/1270941?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау