Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың қатысуымен аудандық мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Жиынға мәслихат депутаттары, кент және ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары қатысты.
Сессияда аудан әкімі 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен, аймақ басшысының қолдауымен ауданда барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің өсімі қамтамасыз етілуде. Аудан бюджеті жыл басында 10 млрд. теңгеге бекітілсе, шілде айындағы нақтылаумен 13 млрд. теңгеге жетті. 2026 жылдың 1 шілдесіне өнеркәсіп орындары 55,8 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, көрсеткіш 4 есеге ұлғайса, өңдеу өнеркәсібі 6,3 млрд. теңгені құрап, 32,2 пайызға өсті.
Сонымен қатар, ауданның әлеуметтік және қоғамдық өмірінің барлық бағыттарында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Денсаулық сақтау саласы заманауи медициналық құрал-жабдықтармен толықтырылып, «Терапия» бөлімшесі жаңғыртылды. Мәдениет саласында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылып, аудан өнерпаздары түрлі деңгейдегі байқауларда жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Сондай-ақ спорт саласында аудан спортшылары 216 медаль жеңіп алды. Жастар саясаты, абаттандыру, жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау бағыттарында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
– Ауданды дамыту бағытында Мемлекет басшысының тапсырмаларын басшылыққа алып, облыс әкімінің қолдауымен жоспарлы жұмыстар жүргізілуде. Осы ретте, аудандық мәслихат депутаттарының да ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып жүрген үлесін ерекше атап өткім келеді. Сіздер тұрғындардың, маңызды бастамалардың жүзеге асуына, өзекті мәселелердің оң шешім табуына әрдайым белсенді атсалысып келесіздер, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Сессия қорытындысымен күн тәртібіндегі мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-syrdarya/press/news/details/1270741?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау