Балаларды оңалтуға арналған заманауи құрал-жабдықтар, жаңа кабинеттер мен робототехника сыныптары – мемлекеттік қолдаудың арқасында Қарағанды облысында әлеуметтік кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді.
Бұл сала өкілдері өз кәсіптерін өркендетумен қатар, қоғам үшін маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге де үлес қосып жүр. Олар бес миллион теңгеге дейін мемлекеттік грант ала алады. Қаржы өндірістік жабдықтар, шикізат пен материалдар сатып алуға, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталады.
Бүгінде Қарағанды облысында 56 әлеуметтік кәсіпкер тіркелген. Олар әлеуметтік қызмет көрсетумен айналысады немесе халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды жұмыспен қамтып отыр.
Әлеуметтік кәсіпкерлерді, сондай-ақ «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының финалистерін қолдаудың тиімді тетіктерінің бірі – мемлекеттік гранттар.
— Жыл сайын шамамен 50 жобаға қаржылай қолдау көрсетіледі. Дегенмен гранттар конкурстық іріктеуден сәтті өткен бастамаларға ғана беріледі. Комиссия жобаның әлеуметтік маңызын, оны іске асыруға дайындық деңгейін және алдағы даму әлеуетін жан-жақты бағалайды, — деді кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Расул Қасенхан.
Байқау жеңімпаздарының бірі – Теміртаудағы DRC BALA балаларды оңалту орталығы.
Орталық 2020 жылдан бері неврологиялық, ортопедиялық және өзге де диагнозы бар балаларға оңалту қызметін көрсетіп келеді.
Биыл мемлекеттік гранттың арқасында мұнда заманауи интерактивті құрал-жабдықтармен жабдықталған түзету кабинеті ашылды.
— Мұндай жабдықтардың бағасы өте жоғары. Сондықтан грант болмаса, оларды сатып алу оңайға соқпас еді. Бұл құралдардың көмегімен логопедтер мен психологтар ойын арқылы балалардың сөйлеу тілін, зейінін, ойлау қабілетін дамытып, мінез-құлқын түзету жұмыстарын жүргізеді. Соның нәтижесінде жұмысымыздың мүмкіндігі кеңейіп, сабақтардың тиімділігі айтарлықтай артты, — деді орталықтың басқарушы директоры Елена Ли.
Мемлекеттік қолдау Қарағандыдағы 4KidsClub білім беру орталығының тағы бір әлеуметтік жобасын жүзеге асыруға да мүмкіндік берді. Орталық жетекшісі Гүлнар Шоқанова алты жастан он төрт жасқа дейінгі балаларға арналған робототехника секциясын ашу үшін грант жеңіп алды.
Қазір мұнда шағын балабақша, мектепке даярлық тобы, ұзартылған күн тобы және робототехника үйірмесі жұмыс істейді. Грант қаражатына интерактивті тақта, ноутбуктер, планшеттер, проектор, сондай-ақ құрастыру мен бағдарламалауға арналған заманауи жиынтықтар сатып алынды.
— Гранттың арқасында робототехника кабинетін толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Енді балалар теориялық біліммен қатар практикалық дағдыларды да меңгеруге мүмкіндік алып отыр. Алдағы уақытта түрлі жарыстарға қатысып, халықаралық байқауларда Қазақстанның атын танытуды жоспарлап отырмыз, — дейді Гүлнар Шоқанова.
Қарағанды облысында әлеуметтік кәсіпкерлікке деген қызығушылық жыл сайын артып келеді.
Фото: Александр Марченко
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1270214?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау