Аудандық мәслихаттың төрағасы А.С. Асанова Докучаев ауылдық округіне барды. Депутат Ә.С. Мырзалинамен бірге әлеуметтік нысандардың алдағы жылыту маусымы мен жаңа оқу жылына дайындығымен танысып, ауылды абаттандыру жұмыстарының барысын бағалады.
Жұмыс сапары өткен жылы пайдалануға берілген фельдшерлік-акушерлік пунктке барудан басталды. Тұрғындар үшін маңызды оқиғалардың бірі кадр мәселесінің шешілуі болды: жақында мұнда жаңа фельдшер жұмысқа кірісті. Бұл – докучаевтықтар асыға күткен оқиға. Енді медициналық көмек бұрынғыдан да қолжетімді бола түсті.
Округ нысандарымен танысу барысында депутаттар ауылда спортпен шұғылдану және белсенді демалыс үшін жақсы жағдай жасалғанын атап өтті. Балалар үшін ойын алаңы қолжетімді, жастар мен ересектер үшін воркаут аймағы жабдықталған. Шағын футбол алаңы бар спорт алаңы жазда футбол әуесқойларын жинаса, қыста хоккей кортына айналады.
Ауылдық округ әкімі Б.Ж. Жағыпарова мен мектеп директоры Е.Ө. Кенжебаев білім ордасының жаңа оқу жылына әзірлігі туралы баяндады. Мектеп іші ағымдағы жөндеуден өтіп, оқу кабинеттері мен бөлмелер ретке келтірілген. Шәкірттердің алаңсыз білім алуы үшін ғимарат ішінде жайлы әрі жылы атмосфера қалыптасқан. Білім ошағы қысқы жылыту маусымына да тас-түйін дайын: қажетті көмір қоры уақытылы жеткізілген.
Бұған қоса, көп жылдар бойы шешімін таппай келген тағы бір өзекті мәселенің түйіні тарқады. Ауылдық округ әкімінің, мектеп әкімшілігінің қажырлы еңбегі және округтегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің демеушілік қолдауының арқасында мектеп ауласында бұрын болмаған септик орнатылды. Осылайша, білім мекемесі толықтай заманауи кәріз жүйесіне қосылып, ілгерідегі қолайсыздықтар артта қалды.
Сондай-ақ ауданы 162 шаршы метр болатын мектеп спорт залының еденін жөндеу мәселесі әлі де ашық күйінде қалып отыр. Депутаттар бұл проблеманы өткен жылы-ақ көтеріп, аудандық білім бөліміне депутаттық сауал жолдаған болатын, алайда жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін жүргізілген жоқ.
Дегенмен, Докучаев ауылдық округінде абаттандыру жұмыстары бір жүйеге қойылып, қарқынды жалғасуда. Жергілікті халық үшін маңызы жоғары мәселелер кезең-кезеңімен өз шешімін табуда, ал әзірге шешімін таппай тұрған өзекті түйткілдер депутаттардың жіті бақылауында.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/timiryazmaslihat-sko/press/news/details/1270820?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау