Елордалық кітапханада «Абайдың сырлы жолдары» атты поэзия сағаты өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанадағы №6 көпшілік кітапханада қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының әдеби мұрасын дәріптеуге арналған «Абайдың сырлы жолдары» атты поэзия сағаты ұйымдастырылды. Іс-шараға әртүрлі жастағы оқырмандар қатысып, ақынның өлеңдері мен қара сөздерін оқып, әндерін орындады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Мәдени іс-шараға кітапхана оқырмандары мен елорда тұрғындары белсене қатысты. Олардың қатарында бес жастағы бүлдіршіндерден бастап аға буын өкілдеріне дейінгі әртүрлі жастағы қала тұрғындары болды. Жиналған қауым Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа оқып, шығармаларындағы адамгершілік, білім, еңбек, бірлік және елдік құндылықтар туралы пікір алмасты.

Сондай-ақ кеш барысында кітапханашы Жанар Медеудің домбыра сүйемелдеуімен Абайдың «Көзімнің қарасы» және «Желсіз түнде жарық ай» әндері орындалып, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады.

«Абай мұрасы – ұлттық бірегейлігіміздің негізі. Оның шығармалары әр буынды білімге, еңбекқорлыққа, адамгершілікке және елжандылыққа тәрбиелейді. Бүгінгі іс-шараға әртүрлі жастағы оқырмандардың қатысуы Абай шығармашылығына деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті», – деп атап өтті кітапханашы.

Абай мұрасын дәріптеуге арналған поэзия сағаттары, әдеби оқулар, кітап көрмелері, танымдық дәрістер және өзге де мәдени іс-шаралар Орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты барлық кітапханаларда тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1270369?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version