2026 жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 78 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Қобда ауданында аймақ басшысы Асхат Шахаров жол инфрақұрылымы нысандарын аралады.
Негізгі жобалардың бірі – Абат-Байтақ тарихи-мәдени кешеніне апаратын кіреберіс автомобиль жолының салынуы.
Ұзындығы 12,5 шақырымды құрайтын жол өңірдегі маңызды тарихи ескерткіштердің бірі саналатын кесенеге қолайлы қатынауды қамтамасыз етеді.
Сонымен қатар Қобда ауылындағы Махамбет Өтемісұлы көшесінде жол құрылысы жалғасуда. Жолдың ұзындығы – 679 метр. Мердігер ұйым – «Ербол-ЭЛЬ» ЖШС құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың қазан айында аяқтауды жоспарлап отыр.
Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереевтің айтуынша, ауданда «Самара–Шымкент – Бестау – Жарсай» автомобиль жолының 12,7 шақырымдық бөлігіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Егіндібұлақ және Көкүй ауылдарына кіреберіс жолдарды жөндеу, сондай-ақ Қобда ауылындағы Астана көшесін күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Бұл жобалардың жалпы құны 1,7 млрд теңгеден асады.
Қобда ауданындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 203,1 шақырым. 2026 жылдың қорытындысы бойынша жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 78 пайызға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Салынып жатқан жол учаскесін қарап шыққан облыс әкімі мердігер ұйымға құрылыс жұмыстарын сапалы орындап, нысанды белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ құрылыс барысында барлық талаптар мен нормалардың қатаң сақталуына баса назар аударуды міндеттеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1270536?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау