Астанада 3-ші Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадасы – IOAI 2026 өз мәресіне жетті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қазақстан астанасында мектеп оқушыларына арналған жасанды интеллект саласындағы әлемдегі ең ірі жарыстардың бірі – 3-ші Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадасы (International Olympiad in Artificial Intelligence, IOAI 2026) өз мәресіне жетті. Осындай деңгейдегі олимпиада тарихта алғаш рет Орталық Азияда өтіп, әлемнің түкпір-түкпірінен келген жас зерттеушілерді, ғалымдар мен сарапшыларды бір алаңға тоғыстырды.

2–8 тамыз аралығында Астана 106 елден келген 500-ге жуық қатысушыны, команда жетекшілерін және қазылар алқасының мүшелерін қабылдады. Бір апта бойы мектеп оқушылары машиналық оқыту, компьютерлік көру, табиғи тілді өңдеу және жасанды интеллекттің өзге де бағыттары бойынша практикалық тапсырмаларды орындап, білім беру, ғылыми және мәдени бағдарламаларға қатысты.

Олимпиаданың маңызды кезеңдерінің бірі Team Challenge болды. Оның аясында халықаралық командалар жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, тәжірибелік міндетті бірлесіп шешті.

IOAI 2026 Қазақстанда осы уақытқа дейін ұйымдастырылған жасанды интеллект саласындағы ең ауқымды халықаралық білім беру іс-шарасына айналды. Олимпиаданы дайындау небәрі бірнеше айға созылып, Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясын, мемлекеттік органдарды, халықаралық ұйымдастыру комитетін, серіктестерді, қазылар алқасының мүшелерін, сарапшыларды, жүздеген еріктіні және ұйымдастыру командасын біріктірді. Ортақ күш-жігердің нәтижесінде жарыс халықаралық стандарттарға толық сәйкес өткізілді.

«100-ден астам ел мен 500-ге жуық қатысушы – бүгінде жасанды интеллект саласындағы таланттар үшін бәсекенің қаншалықты жаһандық сипат алғанының айқын көрсеткіші. Біз үшін мұндай деңгейдегі халықаралық жасанды интеллект олимпиадасының алғаш рет Қазақстанда өткені және қазақстандық оқушының абсолютті жеңімпаздар үштігіне еніп, екінші орын алуы ерекше маңызды. Біз елімізде қажетті экожүйені жүйелі түрде қалыптастырып келеміз: есептеу инфрақұрылымын дамытып, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығын құрып, жаңа буын мамандарын даярлауға инвестиция салудамыз. Біздің мақсатымыз – жас қазақстандықтардың жасанды интеллект технологияларын тек тұтынушы емес, оны өздері жасап, әлемнің үздік мамандарымен тең дәрежеде бәсекеге түсе алатын деңгейге жетуі», – деді Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Жеке турдың қорытындысы бойынша 3-ші Жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадасының абсолютті жеңімпаздары:

1-орын – Артем Горохов (Ресей);
2-орын – Даужан Бекетов (Қазақстан);
3-орын – Шао Цзыси (Қытай).

Team Challenge нәтижесі бойынша арнайы номинациялармен марапатталған командалар:

  • Best Demonstration Award – роботтар арасындағы жарыстағы үздік көрсетілімі үшін Жаңа Зеландия құрамасы;
  • Creative Robot Design Award – роботтың ең креативті дизайны үшін Гонконг құрамасы;
  • AI-Native Robotics Award – робот техникасында AI-native тәсілдерін ең тиімді қолданғаны үшін Бразилия құрамасы.

Қазақстанның спорттық бағдарламалау федерациясының басшысы Бағдат Мусин олимпиаданы ұйымдастыру мен өткізуге атсалысқан барлық азаматтарға алғыс білдірді.

«Бар болғаны төрт айдың ішінде біз әлемдік деңгейдегі олимпиаданы дайындап, табысты өткіздік. Бұл Мемлекет басшысының қолдауының, мемлекеттік органдардың, халықаралық серіктестердің, қазылар алқасының, команда жетекшілерінің, еріктілердің және бүкіл ұйымдастыру командасының бірлескен еңбегінің арқасында мүмкін болды. Осы үлкен оқиғаның бір бөлігі болған әрбір жанға шынайы ризашылығымды білдіремін. Біз тек жарыс алаңын ғана емес, халықаралық AI қауымдастығы қалыптасатын, жаңа идеялар, достық пен болашақ бірлескен жобалар дүниеге келетін кеңістік құруға ұмтылдық», – деді Бағдат Мусин.

Жарыс бағдарламасынан бөлек, қатысушылар Қазақстанның заманауи инфрақұрылымымен танысып, Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында болды, мәдени іс-шараларға қатысып, әртүрлі елдерден келген құрдастарымен кәсіби әрі достық байланыс орнатты.

IOAI 2026-ның Қазақстанда өтуі жасанды интеллект саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды кезеңіне айналып, еліміздің әлемдік деңгейдегі ірі білім беру және технологиялық іс-шараларды қабылдауға дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Олимпиаданың басты нәтижесі қатысушылардың жоғары жетістіктерімен ғана емес, жас зерттеушілердің халықаралық ынтымақтастығы үшін берік негіздің қалануымен де ерекшеленді. Дәл осы оқушылар алдағы жылдары жасанды интеллекттің дамуына ықпал етіп, жаңа технологияларды жасап, әлемдік цифрлық экономиканың болашағын қалыптастыратын болады.

IOAI 2026 серіктестері:

Жергілікті серіктестер: Kaspi.kz, Freedom Holding Corp., Astana Hub, Documentolog, Higgsfield AI.

Жаһандық серіктестер: IMC, Jane Street, Google, Huawei, Galbot, HRT, Mohamed bin Zayed University of Artificial Intelligence, DeepInfra.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/press/news/details/1270987?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version