Қазақстан мен Грекияның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары телефон арқылы сөйлесті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астана, 2026 жылғы 8 тамыз – Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен Грекия Республикасының Сыртқы істер министрі Георгиос Герапетритис телефон арқылы сөйлесті.

Сұхбат барысында министрлер Қазақстан мен Грекия арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму болашағын талқылап, саяси диалогты одан әрі нығайтуға, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және басым бағыттар бойынша өзара іс-қимылды жандандыруға бейілді екендіктерін растады.

Тараптар халықаралық энергетикалық жеткізілімдердің тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Осы тұрғыда тараптар қазақстандық мұнайды әлемдік нарықтарға жеткізудің негізгі бағыттарының бірі болып табылатын Каспий құбыр консорциумы (КҚК) төңірегіндегі ахуал жөнінде пікір алмасты.

Е. Көшербаев КҚК инфрақұрылымының үздіксіз жұмыс істеуі мен Еуропа нарығына мұнай жеткізілімдерінің тұрақтылығының маңыздылығын атап өтіп, кеме қатынасының қауіпсіздігі мен теңізде еркін жүзу қағидатын қамтамасыз ету қажеттігін, сондай-ақ консорциум қызметіне қатер төндіруі мүмкін кез келген әрекеттерге жол беруге болмайтынын айтты.

Сыртқы саяси ведомстволардың басшылары энергетика саласындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделілігін растап, екіжақты өзара іс-қимылдың қолданыстағы тетіктерін нығайтуға дайын екендіктерін білдірді.

Сұхбат соңында Е. Көшербаев тұрақты саяси диалогты жалғастырудың және жоғары деңгейдегі байланыстарды сақтаудың маңыздылығын атап өтті.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/news/details/1271033?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version