Ақтөбе облысында үш жылда 1 триллион теңгеден астам құрылыс жұмыстары орындалды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

 

Ақтөбе облысы – Қазақстанның ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан өңірлерінің бірі. Бүгінде бұл тек еліміздің маңызды өнеркәсіптік орталығы ғана емес, сонымен қатар ауқымды құрылыс алаңына айналған аймақ.

Соңғы үш жылда облыста 1 триллион теңгеден астам құрылыс жұмыстары орындалды. Биылғы жылдың алғашқы алты айында құрылыс жұмыстарының көлемі 162,3 миллиард теңгені құрап, былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15,2 пайызға артты. Жыл соңына дейін тағы 308 миллиард теңгеден астам құрылыс жұмыстарын орындау жоспарланып отыр.

Өңір дамуының басты көрсеткіштерінің бірі – тұрғын үй құрылысы. Тәуелсіздік жылдарында Ақтөбе облысында 15 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Соңғы үш жылда өңір тұрғын үй құрылысының қарқыны бойынша республика көшбасшыларының қатарынан тұрақты орын алып келеді.

Биылғы жылдың алты айында барлық қаржыландыру көздері есебінен 404 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен жоғары. Жыл соңына дейін кемінде 1 миллион шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған.

Тұрғын үй құрылысының қарқыны артқан сайын инженерлік инфрақұрылым да қатар дамуда. Биыл бюджеттен инженерлік желілерді дамытуға арналған төрт жобаны іске асыруға 3,2 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде 3 809 жер телімі электр, газ және сумен қамтамасыз етіледі.

Мемлекет халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге де ерекше көңіл бөліп отыр. Биыл Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін 22,3 миллиард теңгеге шамамен 1 200 дайын пәтер сатып алу жоспарланған.

Әлеуметтік нысандардың құрылысы да өңірдің тұрақты дамуының маңызды бағыттарының бірі. Биыл бұл мақсатқа 45 миллиард теңге бағытталды. Қазіргі таңда 33 құрылыс нысаны бойынша жұмыстар жүргізіліп, 22 жоба бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

Денсаулық сақтау саласында төрт ірі нысанның құрылысы жүргізілуде. Бадамша ауылындағы емхана кеңейтіліп, Хромтау, Шалқар және Қандыағаш қалаларындағы ауруханаларға жаңа жапсаржайлар салынып жатыр.

Сонымен қатар Ақтөбе қаласында 200 орындық көпбейінді балалар ауруханасының жобасы әзірленуде. Жаңа медициналық кешен өңірдегі балаларға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Былтыр «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 2,4 миллиард теңгені құрайтын 11 медициналық нысан пайдалануға берілді. Олардың қатарында дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттер бар.

Білім беру саласы да басты назарда. Биыл облыста 15 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде. Ақтөбе қаласында мектептерге жапсаржайлар мен политехникалық колледждің оқу-өндірістік корпусы салынып жатса, Мұғалжар, Мәртөк және Ырғыз аудандарында жаңа мектептер бой көтеруде.

«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 2023–2025 жылдары облыста жалпы сыйымдылығы 11 400 орындық 14 мектептің құрылысы аяқталды. Олардың басым бөлігі пайдалануға берілді, қалған мектептердің құрылысы да толық аяқталған.

Спорт саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Шалқар қаласында Цеханович атындағы спорт мектебі мен дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Қазіргі таңда №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне арналған жаңа спорт залының құрылысы қарқынды.

Төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасы да нығайтылуда. Хромтау және Мәртөк аудандарында жаңа өрт сөндіру деполары, ал Ақтөбе қаласында арнайы мүлік қоймасы салынуда.

Матай және Әлімбет ауылдарында мемлекеттік органдарға арналған жаңа оқу базалары бой көтеріп жатыр. Сонымен қатар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Шұбар» қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының құрылысы жүргізілуде.

Ақтөбе қаласында өңірдің заманауи келбетін айқындайтын бірнеше ірі жоба қатар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында 700 орындық музыкалық-драма театры, 150 орындық оңалту орталығы, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 300 орындық балабақша, 5 000 орындық әмбебап спорт кешені және 35 мың көрерменге арналған заманауи футбол стадионы бар.

Ақтөбе облысының құрылыс саласы жыл сайын жаңа қарқын алып келеді. Бүгінде тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды салуға қажетті құрылыс материалдарының шамамен 70 пайызы өңір кәсіпорындарында өндіріледі.

Қазіргі таңда облыстың құрылыс саласында 380-нен астам компания жұмыс істейді. Олар тұрғын үйлермен қатар мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен спорт кешендерін салып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға өз үлесін қосуда.

Құрылыс – бұл жай ғана жаңа ғимараттар емес, бұл – халықтың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру және өңірдің болашағына салынған сенімді инвестиция. Ақтөбе облысы осы бағыттағы жүйелі жұмыстарын жалғастырып, қарқынды дамудың жаңа кезеңіне нық қадам баса бермек.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe/press/news/details/1271061?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version