Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың барысын тексерді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

8 тамыз, сенбі күні Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің Жамбыл ауданына жұмыс сапары «Сеңгірбай» демалыс орнында жалғасып, онда шомылу маусымының ұйымдастырылу деңгейімен танысты.

Демалыс аймағында 72 адамға арналған тоғыз демалыс үйі, қонақүй, тамақтану орны, интернет желісі және катамаран қызметі қарастырылған. Мұнда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ербол Қарашөкеев туристік нысандарда қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуын, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруды және туристік әлеуетті дамыту бағытындағы жұмыстарды жүйелі жалғастыруды ескертті.

Бұдан кейін облыс әкімі Тастөбе ауылында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан спорт кешенінің құрылысымен танысты. Өңір басшысы нысанның ауыл тұрғындарының бұқаралық спортпен айналысуына кең мүмкіндік беруі тиіс екенін атап өтіп, құрылыс сапасы мен мерзіміне қатысты жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Тастөбе ауылындағы «Тастөбе» шаруа қожалығының жұмысымен танысқан облыс әкімі ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізудің тиімділігіне назар аударды. Шаруашылық 297 гектар жерді игеріп отыр. Оның ішінде 230 гектары егістік болса, 35 гектары суармалы алқап. Тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары қолданылып келеді. Сонымен қатар шаруашылықта 200 бас ірі қара өсіріліп, алты адам тұрақты еңбекпен қамтылған. Биыл күздік бидай, арпа, қант қызылшасы, картоп, пияз және бақша дақылдарын егу жоспарланған. Өңір басшысы су үнемдеу технологияларын одан әрі кеңейтіп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін арттыру бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Қостөбе ауылында облыс әкімі 100 орындық жаңа орта мектептің құрылыс барысын көрді. Мердігер – «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС. Заманауи білім ошағын биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ербол Қарашөкеев білім беру нысандарының құрылысында ең басты талап – сапа екенін айтып, барлық жұмысты белгіленген мерзімде аяқтауды міндеттеді.

Ш.Ниязбеков ауылында салынып жатқан мәдениет үйінің құрылысын тексерді. Нысан «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Құрылыс жұмыстары 2025 жылғы 22 маусымда басталған, пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған. Облыс әкімі мәдениет нысандары ауыл тұрғындарының рухани өмірін жандандыратын маңызды орталық екенін атап өтіп, құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді және жұмыстың сапасына ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Сапар соңында аталған ауылда орнатылған бірыңғай үлгідегі аялдамалар таныстырылды. Аймақ басшысы аялдамалардың заманауи әрі қолайлы үлгісін жоғары бағалап, мұндай жобаны аудан орталықтары мен ауылішілік көшелерде кезең-кезеңімен жүзеге асыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl/press/news/details/1271059?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version