Қарғалы ауданының Бадамша №1 жалпы орта білім беретін мектебінің 7-сынып оқушылары Максим Гриненко мен Мансұр Танатбаев қарапайым мектептік зерттеу жұмысын аудан тұрғындарына пайдалы жобаға айналдырды. Олар күн сайын ауа райын бақылап, жиналған мәліметтерді талдап, Бадамша ауылы тұрғындарын ауа райындағы ықтимал өзгерістер туралы алдын ала хабардар етеді.
Жоба жетекшісі Жанат Қарасаевамен бірге оқушылар өткен оқу жылында республикалық ғылыми жобалар конкурсының облыстық кезеңінде жүлделі ІІІ орынды иеленді. Олардың «Қарғалы ауданындағы ауа райын бақылау» атты жобасы бүгінде аудан тұрғындары үшін өзекті әрі пайдалы бастамаға айналды.
Жас зерттеушілердің жұмысы ғылыми маңызымен қатар, практикалық тұрғыдан да ерекше құнды. Олар қатты жел, найзағай, жауын-шашын, бұршақ немесе ауа температурасының күрт өзгеруі сияқты құбылыстар туралы тұрғындарды дер кезінде ескертуге тырысады. Мұндай ақпарат адамдарға ауладағы жұмыстарын кейінге қалдыруға, сырттағы заттарды жинап қоюға, шаруашылық нысандарын алдын ала дайындауға немесе қолайсыз ауа райы кезінде сыртқа шықпауға мүмкіндік береді.
Бақылау жұмыстарын жүргізу барысында оқушылар тұрақты түрде жергілікті жерге шығып, ауа райы көрсеткіштерін тіркейді, арнайы өлшеу құралдары мен метеорологиялық радарлардың мәліметтерін пайдаланады. Кейін алынған ақпаратты салыстырып, ауа райындағы өзгерістерге талдау жасайды.
Өз еңбектерінің нәтижесін тұрғындарға қолжетімді ету мақсатында Максим мен Мансұр әлеуметтік желілерде парақшалар ашып, WhatsApp желісінде арнайы топ құрды. Онда олар тұрақты түрде өздерінің ауа райы болжамдары мен ескерту хабарламаларын жариялап отырады.
Оқушылардың айтуынша, олардың бақылау нәтижелері көптеген жағдайда мамандардың ресми болжамдарымен сәйкес келеді. Сонымен қатар өздерінің жүргізген бақылаулары арқылы олар тұрғындардың назарын дәл өздері тұратын өңірдегі ауа райының ерекшеліктеріне аударуға мүмкіндік алып отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-bilim/press/news/details/1271080?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау