Абай күні қарсаңында облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасының сирек қорын сақтау, қалпына келтіру және цифрландыруға бағытталған жоба Мәдени мұраны сақтауға арналған АҚШ Елшілері қоры (Ambassadors Fund for Cultural Preservation – AFCP) бағдарламасының жеңімпазы атанды. Бұл – Абай мұрасын сақтау, зерттеу және халықаралық ғылыми-мәдени кеңістікте кеңінен таныту бағытындағы маңызды халықаралық бастама.
Жобаның тарихи негізі америкалық зерттеуші, жазушы және журналист Джордж Кеннанның Семейге сапарымен байланысты. Ол 1885 жылы Семей қаласына келіп, Абай пайдаланған кітапханаға арнайы барып, кітап қорымен танысқан. Кейін өз еңбектерінде Абай Құнанбайұлы туралы жазып, қазақтың ұлы ойшылының есімін ағылшынтілді оқырманға таныстырған алғашқы шетелдік зерттеушілердің бірі болды.
Жоба аясында кітапхананың сирек қорындағы қолжазбалар мен көне басылымдарды сақтау, консервациялау, реставрациялау және цифрландыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізіледі. Оның ішінде Абайдың өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды мұралар, сондай-ақ, ақын оқыған басылымдар да қамтылады.
Жобаның жүзеге асырылуы сирек қордың ұзақ мерзімді сақталуына, ғылыми айналымға енгізілуіне және құнды рухани мұраға халықаралық деңгейде қолжетімділіктің кеңеюіне мүмкіндік береді.
Абай күні қарсаңындағы бұл жетістік – өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен оны заманауи технологиялар арқылы келер ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды қадам.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1271896?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау