Ақмола облысы «QH Мәдени даму алаңы» жобасын алғашқылардың бірі болып жүзеге асыруда

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бейнеконференция форматында ауылдық елді мекендер тұрғындары үшін заманауи мәдени инфрақұрылымды дамытуға және жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға бағытталған «QH Мәдени даму алаңы: Ақмола облысы» қайырымдылық жобасын іске асыру мәселелері талқыланды. Жиынға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.

Жоба аясында екі пилоттық нысан – Ақкөл қаласының аудандық Мәдениет үйі және Жолымбет кентінің бос уақытты өткізу орталығы белгіленді. «QH Мәдени даму алаңы» жобасы бірлескен жұмыстың жаңа кезеңіне айналып, елімізде алғаш рет ауылдық жерлердегі мәдениетті дамытуға бағытталмақ.

Ақмола облысы үшін бұл жобаның маңызы ерекше. Өңірдегі мәдениет нысандарының шамамен 65 пайызы ауылдық жерлерде орналасқан. Заманауи мәдениет үйлері мәдени-көпшілік іс-шаралар өткізетін орын ғана емес, сонымен қатар қоғамдық өмірдің, шығармашылықтың, білім берудің және отбасылық демалыстың орталығына айналып келеді.

Ақкөл қаласының аудандық Мәдениет үйі шамамен 15 мың тұрғынға қызмет көрсетеді. Оның базасында 20 көркемөнерпаздар ұжымы жұмыс істейді. Ал Жолымбет кентінің бос уақытты өткізу орталығы 4 мыңнан астам тұрғынды қамтиды. Жоба аясында акт залдарын техникалық жабдықтау, хореография залдарын жаңғырту, бес бағыт бойынша шығармашылық кеңістіктер құру көзделген. Олардың қатарында саябақтағы этноаймақ, дыбыс жазу студиясы және әдеби-көркем қонақжайын ашу жоспарлануда.

Жоба барысында тұрғындардың ұсыныстары да ескерілуде. Мәселен, бос уақытты өткізу орталығында дәстүрлі ұлттық нақышта безендірілген арнайы этно-бұрыш құру жоспарланған. Ол тұрақты жұмыс істейтін көрме алаңы ретінде пайдаланылып, онда түрлі этностардың тұрмыстық заттары, ұлттық киімдері мен сәндік элементтері қойылады. Сонымен қатар көркемөнер көрмелері ұйымдастырылады.

«Әкімдік нысандарға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз етті, қосымша штат бірліктерін қарастырды және қажетті ұйымдастырушылық әрі инфрақұрылымдық қолдауды жалғастырады.

Қормен тығыз серіктестік қазірдің өзінде өз нәтижесін беріп отыр. Ауылдық мектептерді шаңғы жарысына арналған құрал-жабдықтармен қамтамасыз еткеннен кейін бұл спорт түрінің дамуына жаңа серпін берілді. Олимпиада чемпионы Владимир Смирновтың қатысуымен жарыстар ұйымдастырылып, ақмолалықтар Қазақстан халықтарының қысқы спартакиадасында үздік нәтиже көрсетті. Бұл жобаны іске асыру жаңартылған мәдениет нысандарын заманауи мазмұнмен толықтыруға, шығармашылық бастамаларды дамытуға және тұрғындарды мәдени әрі қоғамдық өмірге кеңінен тартуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті өңір басшысы.

Айта кетейік, 2022 жылдан бері облыста «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп, жалпы құны 12,8 млрд теңгені құрайтын 26 жоба жүзеге асырылды. Атап айтқанда, төтенше жағдайлардың салдарын жою аясында Жарқайың және Бұланды аудандарының бес елді мекенінде 144 үй салынды. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қолдау және оңалту салаларындағы нысандарды іске асыруға қаржы бөлінді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1271898?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version