Астаналықтарға электросамокатпен жүрудің жаңа ережелері түсіндірілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Елордалық Полиция департаменті Астанада электросамокат қолданушыларына заңнамадағы жаңа талаптарды түсіндіруге бағытталған профилактикалық акция ұйымдастырды. Іс-шара жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және жеке мобильділік құралдарын жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Акцияға қала тұрғындары, Полиция департаментінің, прокуратураның, кикшеринг компанияларының, Аумақтардың тұрақты дамуы қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ «Астана Жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлері қатысты.

Жол қозғалысына қатысушыларға электросамокаттарды пайдалану ережелеріндегі өзгерістер түсіндіріліп, олардың сұрақтарына жауап берілді және Жол қозғалысы ережелерін сақтау қажеттігі ескертілді.

«Астана Жастары» волонтерлері қатысушыларға электросамокаттарды қауіпсіз пайдалану ережелері жазылған ақпараттық брошюралар да таратты.

Негізгі назар 2026 жылғы 25 тамыздан бастап күшіне енетін талаптарға аударылды. Атап айтқанда, электросамокаттардың тротуарлар мен жаяу жүргіншілер жолдарымен жүруіне тыйым салынады. Пайдаланушылар велосипед жолдары мен веложолақтармен жүруі тиіс. Олар болмаған жағдайда Жол қозғалысы ережелерінде көзделген жағдайларда жүріс бөлігінің оң жақ шетімен немесе жол жиегімен жүру қажет.

«Электросамокаттар әлдеқашан жол қозғалысының толыққанды қатысушыларына айналды. Алайда пайдаланушылардың белгіленген талаптарды сақтамауы жеке мобильділік құралдарын жүргізушілердің өздеріне де, жол қозғалысының басқа қатысушыларына да қауіп төндіреді», – деді Астана Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Уваев.

Оның айтуынша, Жол қозғалысы ережелеріне енгізілген өзгерістер қауіпсіздікті арттыруға және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға бағытталған.

Жүріс бөлігімен қозғалған кезде электросамокат жүргізушісі 18 жасқа толған болуы, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы және қорғаныс шлемін пайдалануы тиіс. Қараңғы уақытта жарық шағылыстыратын элементтерді де қолдану қажет.

Астана прокуратурасының қызметкерлері электросамокат пайдаланушылар арасында жиі кездесетін құқық бұзушылықтардың қатарында жүргізуші куәлігінсіз жүріс бөлігіне шығу, жылдамдықты асыру, сондай-ақ қиылыстардан өту талаптарын сақтамау бар екенін атап өтті. Бір самокатпен жолаушы тасымалдау да ерекше қауіп төндіреді.

«Бүгінде самокат жүргізушілері көбіне жүріс бөлігінде ереже бұзады. Куәлігі жоқ азаматтардың жолдың жекелеген учаскелерінде самокат жүргізу фактілері әлі де кездеседі. Бұдан бөлек, тротуарларда жылдамдықты жиі асырады, бұл жол-көлік оқиғалары болу қаупін арттырады», – деді Астана қаласы прокуратурасы басқармасының прокуроры Ақжол Сәтілда.

Ол заңнамадағы өзгерістердің жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін арттыру қажеттілігімен де байланысты екенін атап өтті.
Кикшеринг компанияларының өкілдері пайдаланушыларды бақылау үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. JET компаниясы елордалық филиалының директоры Әлібек Әбілқасовтың айтуынша, 1 шілдеден бастап қосымшаға тіркелу кезінде ЖСН бойынша міндетті верификация жүргізіледі. Жүйе пайдаланушының жасын тексереді және 18 жасқа толмаған адамдардың сервиске кіруіне мүмкіндік бермейді.

«Біз ата-аналардың өз аккаунттарын балаларына берген жағдайларын анықтадық. Мұндай аккаунттар бұғатталады. Сондай-ақ бір самокат – бір адам екенін есте ұстаған жөн. Екі адам болып жүретін пайдаланушылардың аккаунттары да бұғатталады», – деді Әлібек Әбілқасов.

Оның айтуынша, 1 шілдеден бастап самокаттарға үш жағынан – жақтауына және артқы қанатына сәйкестендіру нөмірлері жазыла бастады. Бұл көлік құралын камералар арқылы анықтауға және құқық бұзушыларға қатысты шара қабылдауға мүмкіндік береді.

Компания өкілдері тұраққа қою мәдениетіне де ерекше назар аударды. Электросамокаттарды тротуардың ортасына, жүріс бөлігіне, веложолға немесе автокөліктерге арналған тұрақ орындарына қалдыруға болмайды. Мұндай талаптарды бұзған пайдаланушыларға да жаза қолданылуы немесе аккаунты бұғатталуы мүмкін.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар жеке мобильділік құралдарын пайдаланушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға және қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1271438?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version