Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының жанынан құрылған мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы 2026 жылғы 6 тамызда Атырау қаласындағы сайлау учаскелеріне мониторинг жүргізді.
Мониторингтің негізгі мақсаты – 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауына дайындық аясында сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімділігін бақылау және олардың дауыс беру құқықтарын кедергісіз жүзеге асыруына жасалған жағдайларға мониторинг жасау.
Жалпы мониторинг барысында сайлау учаскелерінің кіреберістерінің қолжетімділігі яғни пандустардың, тактильді бағыттағыштардың, арнайы жабдықтардың (автотұрақ белгісі, қоңырау, бағыттағыш белгі), ақпараттық материалдардың болуы, сондай-ақ есту және көру қабілеті бұзылған, кресло-арбаны пайдаланатын азаматтарға арналған жағдайлардың (арнайы бұрыштар) қамтамасыз етілу деңгейі қаралады.
Атырау облысы бойынша сайлаушылардың тізіміне енгізілген азаматтардың саны 428 127, оның ішінде мүгедектігі бар сайлаушылардың саны 3 244.
– кресло-арбаны пайдаланатындар – 664 адам;
– есту бойынша мүгедектігі барлар – 848 адам;
– көру бойынша мүгедектігі барлар – 1 732 адам, оның ішінде 111 сайлаушы Брайль қарпін пайдалану машықтарын меңгерген.
Сонымен қатар Атырау қалалық және аудандық аумақтық сайлау комиссиялары жанынан құрылған жұмысшы топтары өз кезегінде сайлау учаскелеріндегі мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімділігіне мониторинг жүргізуде. Мониторинг қорытындылары бойынша анықталған сәйкессіздіктерін жою жөнінде тиісті ұсыныстар беріліп, сайлау күніне дейін қажетті ұйымдастыру шаралары қабылданатын болады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1271436?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау