Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жылдың Халықаралық волонтерлер жылы болып жариялануына орай ұйымдастырылған «Caspian Sea Action Week – 2026» халықаралық волонтерлік апталығы аясында Ақтау қаласында «Бір Каспий – бір болашақ» халықаралық сарапшылық сессиясы өтті.
Іс-шара Каспий маңы елдерінің мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдар, ғылыми қауымдастық және экологиялық институттар өкілдерінің басын қосты. Сарапшылар Каспий теңізінің экожүйесін сақтау, ғылыми ынтымақтастықты дамыту және өңірдегі өзекті экологиялық мәселелерді бірлесіп шешу жолдарын талқылады.
Сарапшылық сессияның модераторы Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Асхат Оралов болды.
Іс-шараны ашқан Асхат Оралов Каспий теңізін сақтау – Каспий маңы мемлекеттерінің ортақ міндеті екенін атап өтті. Сонымен қатар Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Халықаралық волонтерлер жылы азаматтық жауапкершілікті нығайтып, волонтерлік қозғалыс пен халықаралық әріптестікті дамытуға жаңа серпін беретінін айтты.
– Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланды. Бұл – еліміздің азаматтық жауапкершілікті нығайтуға, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және жаһандық экологиялық мәселелерді бірлесіп шешуге бағытталған стратегиялық бағытының айқын көрінісі. Каспий теңізі – баршамызға ортақ табиғи мұра. Оны келер ұрпаққа аман жеткізу үшін мемлекет, ғылым, халықаралық ұйымдар, волонтерлер мен азаматтық қоғам күш біріктіруі қажет. Бүгінде Маңғыстау облысы жаңа экологиялық бастамалар қалыптасатын, табиғатқа жанашырлық мәдениеті нығая түсетін, халықаралық ынтымақтастық дамып, бүкіл Каспий өңірінің мүддесіне қызмет ететін нақты шешімдер әзірленетін маңызды халықаралық алаңға айналып келеді, – деді Асхат Оралов.
Сессияға Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Мансұр Ошурбаев, Ресей Федерациясы Табиғи ресурстар және экология министрінің орынбасары Дмитрий Тетенькин, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, Әзербайжан Республикасының Ұлттық гидрометеорология қызметі басшысының орынбасары Акбар Аскеров, Иран Ислам Республикасы Қоршаған ортаны қорғау ұйымының Теңіз ортасы және сулы-батпақты алқаптар департаменті директорының орынбасары Ахмадреза Лахиджанзаде, Түрікменстанның Хазар мемлекеттік табиғи қорығы ғылыми бөлімінің басшысы Сахетмұрат Маммедов, Тегеран конвенциясы Уақытша хатшылығының үйлестірушісі Махир Алиев, Ұлттық волонтерлер желісінің төрайымы Вера Ким және БҰҰ-ның Жобаларға қызмет көрсету басқармасының (UNOPS) Blueing the Caspian Sea жобасының кеңесшісі Томас Прайс қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, баяндама жасады.
Сарапшылық сессия барысында қатысушылар Каспий теңізінің қазіргі экологиялық ахуалы, гидрометеорологиялық зерттеулерді дамыту, қоршаған ортаға мониторинг жүргізу, биоалуантүрлілікті сақтау және Каспий өңірінің орнықты дамуы жолындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін жан-жақты талқылады.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар Каспий маңы мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, ғылыми тәжірибе алмасуды кеңейтуге және Каспий теңізінің бірегей экожүйесін сақтауға бағытталған бірлескен экологиялық бастамаларды іске асыруға дайын екендіктерін растады.
Халықаралық сарапшылық сессия «Caspian Sea Action Week – 2026» халықаралық апталығы аясындағы ғылыми және сарапшылық іс-шаралар легіне бастау берді. Апталық барысында Маңғыстау облысында Каспий маңы елдері мен халықаралық ұйымдар өкілдерінің қатысуымен тақырыптық пікірталастар, ғылыми конференциялар, экологиялық акциялар және волонтерлік жобалар ұйымдастырылуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mangystau/press/news/details/1271429?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау