Қарағандыда креативті жастарға арналған жаңа алаң ашылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Қарағандыда өнерді дәріптеу мен креативті индустрияларды дамытуға бағытталған жаңа бастама қолға алынды. 

Қарағанды облыстық Жастар ресурстық орталығы мен облыстық бейнелеу өнері мұражайы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

Ортақ жобаның алғашқы нәтижесі ретінде Saryarqa Creative Hub креативті орталығында «09–90. Өлке тарихы картиналарда» атты көрме өз жұмысын бастады.

Жаңа әріптестік мәдени-ағартушылық жобаларды жүзеге асыруға, бейнелеу өнерін кеңінен насихаттауға және өңір тұрғындары мен қонақтарына қарағандылық суретшілердің шығармашылығын, сондай-ақ креативті индустриялардың сан алуан бағытын заманауи форматта таныстыруға мүмкіндік береді.

– Көпшілік креативті индустрияларды тек қолөнермен немесе қолданбалы шығармашылықпен ғана байланыстырады. Алайда бұл – ауқымы кең сала. Оның құрамына бейнелеу өнері, дизайн, 3D-модельдеу және басқа да шығармашылық бағыттар енеді. Біз креативті индустриялардың бар мүмкіндігін көрсету үшін тақырыптық көрмелерді тұрақты ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Бұл кеңістік барлық келушілерге ашық болады. Ал жаңа оқу жылы басталған соң мұнда мектеп оқушылары мен студенттердің ұйымдастырылған топтары келе алады, – деді Қарағанды облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Аслан Қабегенов.

Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайының директоры Бибігүл Құдабаеваның айтуынша, бұл ынтымақтастық мұражай қорындағы құнды туындыларды көпшілікке, әсіресе жастарға бұрынғыдан да жақындата түседі.

– Біз үшін мұражай қорындағы шығармаларды таныстыратын жаңа мәдени алаңдардың ашылуы аса маңызды. Бұл көрмеде топтпмамыздың шағын бөлігі ғана ұсынылып отыр. Соған қарамастан, экспозиция келушілердің қызығушылығын арттырып, оларды мұражайға келуге ынталандырады деп сенеміз, – деді Бибігүл Құдабаева.

Меморандум аясында ашылған алғашқы көрме – Қарағанды облысының 90 жылдығына арналған «09–90. Өлке тарихы картиналарда» экспозициясы. Онда өңірдің алғашқы кеншілер кенттерінен бастап Қазақстанның ірі өнеркәсіптік, ғылыми және мәдени орталықтарының біріне дейінгі қалыптасу жолы көркем туындылар арқылы бейнеленген.

Экспозицияда Қарағанды өңірінің индустриялық келбетін, қалалардың өркендеуін, тарихи жадысын және табиғатының көркемдігін айшықтайтын кескіндеме мен графика жанрындағы жұмыстар қойылған.

Көрмеге Гилярий Гилевский, Павел Андриюк, Виктор Буш, Сергей Ежак және Виктор Крыловтың туындылары енгізілген. Суретшілер өз еңбектері арқылы кенді өлкенің тарихын, тыныс-тіршілігін, қайталанбас болмысын және Қарағанды облысының ондаған жылдар бойғы даму жолын әсерлі бейнелейді.

Көрме Қарағанды қаласындағы Тәттімбет көшесі, 709 мекенжайында орналасқан Saryarqa Creative Hub креативті орталығында өтуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1271085?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version