Жаңғырту бағдарламасы аясында Темір ауданындағы С. Байышев атындағы жалпы білім беретін мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
С. Байышев атындағы жалпы білім беретін мектептің тарихы 1918 жылдан бастау алады. Ғасырдан астам тарихы бар білім ордасында бүгінде 463 оқушы білім алуда. Мектеп ғимаратының жалпы ауданы – 6037 шаршы метр. Соңғы жөндеу жұмыстары 2010 жылы жүргізілгенімен, ол тек ішінара жөндеуді ғана қамтыған.
Қазіргі таңда мектепте ауқымды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында ғимараттың ішкі әрлеу жұмыстары, электр желілерін жаңарту, еден және қабырға жабындарын ауыстыру, санитарлық тораптарды жаңғырту, баспалдақтарды жөндеу, сондай-ақ ғимараттың қасбеті мен шатырын жаңарту жұмыстары атқарылуда.
Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін мектеп химия, робототехника, STEM, сондай-ақ қыздар мен ұлдарға арналған технология кабинеттерімен жабдықталады. Сонымен қатар, жаңа жиһаздар мен қажетті оқу құрал-жабдықтары сатып алынып, оқушылар мен педагогтер үшін қауіпсіз, заманауи әрі жайлы білім беру ортасы қалыптастырылады.
Жаңартылған мектеп жаңа оқу жылының басында пайдалануға беріледі.
Жалпы, 2026 жылы Ақтөбе облысының сегіз білім беру ұйымында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, Ақтөбе қаласындағы №17, №22 және №37 орта мектептерде, Әйтеке би ауданындағы М. Жұмабаев атындағы орта мектепте, Байғанин ауданындағы Қарауылкелді орта мектебінде, Темір ауданындағы С. Байышев атындағы орта мектепте, Шалқар ауданындағы №8 орта мектепте және Мұғалжар ауданындағы Құмсай орта мектебінде жөндеу жұмыстары қолға алынған.
Бүгінде барлық нысандар бойынша мердігер ұйымдар анықталып, жөндеу жұмыстары басталды. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын 2026 жылғы 20 тамызға дейін аяқтау жоспарланған.
Күрделі жөндеу аясында шатырды жөндеу, қасбеттерді жаңарту, ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізу, есіктерді, терезелерді және еден жабындарын ауыстыру, сондай-ақ электрмен жабдықтау, жылыту және кәріз жүйелерін жаңғырту көзделген.
Сонымен қатар, облыс мектептері үшін 42 заманауи пәндік кабинет сатып алу жоспарланып отыр. Оның ішінде химия, физика, биология, математика, география, информатика, тарих, қазақ және ағылшын тілдері кабинеттері, робототехника кабинеттері, STEAM зертханалары, алғашқы әскери және технологиялық дайындық кабинеттері, сондай-ақ инклюзивті білім беруді қолдау кабинеттері бар.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aktobe-bilim/press/news/details/1271075?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау