Қазақстан құқық қорғау саласында жасанды интеллектті қолдану бойынша жаңа қадамға барды
Қазақстан құқық қорғау қызметі деректер ғылымы мен жасанды интеллектке сүйенетін мемлекеттер қатарына қадам басуда: прокурорлар жасанды интеллект әзірлеушілеріне айналып, өз әзірлемелерін әлемге әйгілі сарапшы Кай-Фу Лиге таныстырды.
Бүгін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов жасанды интеллект саласындағы әлемге әйгілі сарапшы Кай-Фу Лимен жұмыс кездесуін өткізді.
Іс-шараның басты тақырыбы IT-мамандар емес, прокуратура қызметкерлерінің өздері әзірлеген алғашқы цифрлық жасанды интеллект құралдарының таныстырылымы болды.
Мұндай нәтижелерге қазақстандық Q.AI компаниясымен ынтымақтастықтың арқасында қол жеткізілді.
20-дан астам прокурор дәстүрлі бағдарламалау дағдыларынсыз жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді әзірлеуге мүмкіндік беретін озық Vibe Coding әдісі бойынша қарқынды оқудан өтті.
Кездесу барысында қадағалау органының басшысы мен доктор Кай-Фу Лиге екі пилоттық өнім таныстырылды:
– Тергеушінің ЖИ-көмекшісі (қылмыстық схемалар генераторы) – қылмыстық істер бойынша мәтіндік анықтамаларды автоматты түрде талдап, бірнеше секунд ішінде көрнекі схемалар құрастыратын бірегей алгоритм. Жасанды интеллект қылмыстың мән-жайын өздігінен зерттейді, қатысушылар арасындағы жасырын байланыстарды айқындайды және негізгі дәлелдемелерді жүйелейді. Парақорлық пен жалған шот-фактураларға қатысты істерде сынақтан өткен бұл құрал прокурорларды техникалық сипаттағы күнделікті жұмыстан босатып, уақытты айтарлықтай үнемдейді.
– Үлкен деректердің ЖИ-талдаушысы – қылмыстық статистиканың бір жылдық көлемін небәрі 15 минут ішінде өңдей алатын жүйе. Нейрожелі құқық бұзушылықтардың түрлері мен демографиялық көрсеткіштерін көрнекі түрде бейнелейтін интерактивті дашбордтар қалыптастырады. Бұл шешім мемлекеттік деңгейде алдын алу шараларын қабылдау үдерісін түбегейлі жеделдетуге мүмкіндік береді.
«Бүгін біз Бас прокуратураның цифрлық жетілу деңгейінің жоғары екенін көріп отырмыз. Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет он жыл ішінде қоғам игілігі үшін – азаматтарды алдын ала қорғау мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға болатын орасан зор деректер қорын жинақтады. Қызметкерлер, бірде-бір жол код жазбастан, адам қолы жетпейтін жылдамдықпен деректерді өңдеуге қабілетті өнімдер жасайды», – деп атап өтті Кай-Фу Ли таныстырылым барысында.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-alakol-akzhar/press/news/details/1271871?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау