Бүгін «10 тамыз – Абай күніне» орай Қызылорда қаласында орналасқан Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар мектеп алаңында ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Ұлт руханиятының темірқазығына айналған Абай есіміне тағзым ету рәсіміне облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, зиялы қауым өкілдері, ұстаздар, оқушылар, жастар және қала тұрғындары қатысты.
Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Абай мұрасының ұлт тарихындағы айрықша орнына тоқталып, хакімнің шығармалары мен тағылымы жас ұрпақтың рухани тәрбиесінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Абай – қазақтың рухани әлемін жаңа биікке көтерген ұлы тұлға. Оның әрбір сөзі – уақытпен үндесетін тағылым, әрбір ойы – ұрпақ санасын серпілтетін рухани бағдар. Абай адамды білімге, еңбекке, талапқа, әділетке үндеп, елдің кемел келешегін ең алдымен саналы ұрпақпен байланыстырды. Сондықтан Абай мұрасын дәріптеу – өткенге тағзым ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілік. Бүгінгі жас ұрпақ Абай айтқан «толық адам» қағидатын бойына сіңіріп, білімді, еңбекқор, отаншыл әрі әділетті азамат болып қалыптасуы тиіс», – деді Қайрат Ырзақұлұлы.
Өз кезегінде мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы Абай шығармашылығының ұлттық ой-сана мен қоғамдық дамудағы маңызына тоқталып, ұлы ақынның мұрасы қазақ халқының ғана емес, жалпы адамзаттық руханияттың асыл қазынасы екенін атап өтті.
Гүл шоқтарын қою рәсімі барысында ұлы ақынның сырлы әлемі өнер тілімен де өрнектелді. Шараға қатысушылар Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Өзгеге көңілім тоярсың» секілді жүрекке жылы, ойға терең шығармаларын тыңдап, ақынның ғақлияға толы қара сөздерінен үзінділерге куә болды.
Әсіресе жас өрендердің Абай шығармаларын мәнерлеп оқуы ұлы ақын мұрасының бүгінгі ұрпақ санасында жаңғырып келе жатқанын аңғартты. Бұл – Абайдың асыл сөзі уақыт өткен сайын жаңа буынның жүрегінен орын тауып, рухани сабақтастықтың үзілмей келе жатқанын көрсетеді.
Ұлы ақынның туған күніне орай ұйымдастырылған тағзым рәсімі осылайша Абайдың мәңгілік мұрасына деген құрметті айшықтап, оның өшпес өсиеттерінің бүгінгі қоғаммен сабақтастығын тағы бір мәрте көрсетті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/language/press/news/details/1271919?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау