11 тамызда Астанадағы Ботаникалық бақта Спорт апталығы басталды. Елорданың жүздеген тұрғыны қазақстандық спорттың аңыздарымен бірге «10 000 қадам» бағыты бойынша жүріп өтті, деп хабарлайды Sportarena.kz.
Қатысушылар Олимпиада чемпиондары Серік Сәпиев, Дмитрий Баландин, Юрий Мельниченко, Олимпиада жүлдегерлері Василий Левит, Әділбек Ниязымбетов және Ислам Байрамуков, сондай-ақ Алмат Кебісбаев, Анна Алябьева, Ольга Тихонова және Денис Никиша сынды спортшылармен бірге Ботаникалық бақ аумағындағы белгіленген бағыт бойынша жүріп өтті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жол бойында чемпиондар қатысушылармен суретке түсіп, олармен әңгімелесті. Ал мәреге жеткен соң барлығы бірге естелік суретке түсті.
ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Спорт апталығының дәл осындай форматта басталуының символдық мәні бар екенін атап өтті:
«Спорт қазақстандықтардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып келеді. Осындай таңғы шаралар – соның айқын дәлелі. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде спорт саласында ауқымды реформалар жүргізілуде. Оның басты бағыты – балалар және бұқаралық спортты дамыту. Біз әр баланың қай жерде тұратынына қарамастан спортпен айналысуына мүмкіндік болғанын қалаймыз. Біздің мақсатымыз қарапайым – спорттың баршаға қолжетімді болуы және белсенді әрі салауатты өмір салты мүмкіндігінше көп қазақстандықтың күнделікті әдетіне айналуы».
Спортшылар кеңесі ұйымдастырған ашық жаттығу және «Олимпиада чемпиондарымен бірге 10 000 қадам» акциясы тамыздың үшінші жексенбісінде дәстүрлі түрде атап өтілетін Спорт күні қарсаңындағы Спорт апталығының басталуына жол ашты.
Мерекелік шаралар аясында еліміздің барлық өңірінде 250-ден астам іс-шара өткізіледі. Олардың қатарында таңғы жаттығулар, жүгіру жарыстары, велошерулер, түрлі спорттық турнирлер мен спорттық фестивальдер бар.
Бүгінде спорт қазақстандықтардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналып келеді. Қазірдің өзінде халықтың 44 пайыздан астамы дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде айналысады. Балалар мен жасөспірімдер арасында бұл көрсеткіш 34 пайыздан асады, яғни шамамен 1,8 миллион бала спортпен шұғылданады.
Біздің міндетіміз – бұл көрсеткішті одан әрі арттыру. 2029 жылға қарай бұқаралық спортпен қамту деңгейін 50 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda-shet-koktenkol/press/news/details/1272354?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау