Биылғы жаңа оқу жылында Талдықорған қаласында 3 мыңнан астам бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.
Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, қазіргі уақытта қала мектептерінде 1-сыныпқа құжат қабылдау жұмыстары жалғасуда. Бүгінгі күнге дейін 3 413 өтінім тіркелген. Оның ішінде 2 679 бала қазақ тілінде, 734 бала орыс тілінде білім алуға ниет білдірген.
Өтінім берген балалардың 555-і ауылдық мектептерге, ал 2 858-і қала мектептеріне қабылданған.
Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысы Шынар Шәріпбаеваның айтуынша, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
– Өткен оқу жылында Талдықорған қаласындағы 27 жалпы білім беретін мектепте 36 мыңнан астам оқушы білім алды. Оның ішінде 4 мыңға жуық бүлдіршін алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Оқу жылының қорытындысы бойынша 75 түлегіміз «Алтын белгі» иегері атанса, 102 түлек үздік аттестатқа ие болды. Биыл да оқушылар саны артып келеді. Қазіргі таңда 1-сыныпқа 3 413 өтінім қабылданды. Ал жаңа оқу жылында қала мектептерінде жалпы 38 мыңға жуық оқушы білім алады деп күтілуде. Бүгінде барлық білім беру ұйымдарында жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары жүргізілуде, – деді Талдықорған қалалық білім бөлімінің басшысы Шынар Шәріпбаева.
Айта кетейік, 2026 жылы 1-сыныпқа 3 240 бала қабылданған болса, биыл тіркелген өтінімдер саны 3 413-ке жетіп отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhetysu-taldykorgan/press/news/details/1272297?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау