Астанада шомылу маусымы кезінде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары күшейтілді. Қалалық қызметтер су айдындарында патрульдеу жұмысын жүргізіп қана қоймай, әлеуметтік желілерге де мониторинг жасап, ережені бұзушыларды анықтап жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мәселен, әлеуметтік желілерге жүргізілген мониторинг барысында 1990 жылы туған азаматшаның шомылуға тыйым салынған жерде суға түскені анықталды. Оған Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабына сәйкес су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жаза қолданылды.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен қала қонақтарын судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Суға тек арнайы рұқсат етілген орындарда түсіп, шомылуға тыйым салынған жерлерде суға кірмеген жөн. Өзіңіз бен жақындарыңызға өміріне абай болыңыз.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1272327?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау