Алакөл ауданының полиция қызметкерлері Ақши ауылында күнделікті профилактикалық іс-шаралар өткізіп, демалушылардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің сақталуына ерекше назар аударуда.
Жағалау аумағында полицейлер туристермен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, судағы қауіпсіздік ережелері жазылған ақпараттық жадынамалар таратуда. Ата-аналарға балаларды үнемі бақылауда ұстау, олардың қалқымалардан асып жүзуіне жол бермеу, сондай-ақ суда демалу кезінде құтқару кеудешелерін пайдалану қажеттігі ескертіледі.
Кешкі және түнгі уақытта полиция қызметкерлері жергілікті дәмханалар мен басқа да ойын-сауық орындарында рейдтік іс-шаралар өткізеді. Нысан иелері мен қызметкерлеріне қоғамдық тәртіпті сақтау, тыныштықты бұзуға жол бермеу және заңнама талаптарын орындау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар сауда нысандарына да ерекше назар аударылуда. Дүкен иелері мен сатушыларға алкоголь өнімдерін сатуға белгіленген шектеулерді, оның ішінде тыйым салынған уақытта сатуға жол бермеу қажеттігі және заң талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылғаны ескертіледі.
«Заң және Тәртіп» қағидаты аясында Алакөл ауданының полициясы тұрғындар мен өңір қонақтарының қауіпсіз әрі тыныш демалысын қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстарды күнделікті жалғастыруда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1272336?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау