Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын іске асыру жұмыстары жөнінде кеңес өтті.
Бұған дейін барлық қалалар мен аудандар бойынша фотосуреттермен бекітілген альбом жасалып, онда анықталған ескертулер тіркелген болатын.
Басты мақсат – ескертулерді жоюға қатысты сапалы жұмыс пен нақты нәтиже көрсету. Аймақ басшысы аудандар мен қалалардың әкімдеріне ұсынылған есептерді қайта тексеріп, әр жұмыстың сапасы мен мәліметтердің дұрыстығын жеке бақылауды тапсырды. Жұмыс толық аяқталмаса – ескерту орындалды деп есептелмейді.
Маусым айынан бері жұмыс істеп келе жатқан мобильді топтар өңірлерде 1,1 мыңнан астам рейд өткізіп, 5,2 мыңнан астам заң бұзушылық анықтаған.
«Бірінші рет ескерту жасап, заң бұзушылықты жоюға мүмкіндік беруге болады. Бірақ нәтиже болмаса немесе заң бұзушылық қайталанса, аудандық, қажет болған жағдайда облыстық мобильді топтар жұмылуы тиіс. Абаттандыру мәселелерін тек әкімшілік шаралар арқылы шешу мүмкін емес», – деді Құмар Ақсақалов.
Аймақ басшысы аудан-қалалардың әкімдеріне ескертулерді жою бойынша жұмыстарды толық аяқтауды, абаттандыру, көгалдандыру мен қоғамдық кеңістіктерді дамытуға әлеуметтік жауапты бизнесті тартуды, бұрын абаттандырылған нысандардың жай-күйіне тұрақты бақылау жүргізіп, олардың қайта ластануына, бүлінуіне және тиісті деңгейде күтілмеуіне жол бермеуді тапсырды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kostanay/press/news/details/1272502?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау