Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы Әулиеата өңірінің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен насихаттау және тарихи сананы жаңғырту мақсатында «Әулиеата тарихы: «Атлахтан Қозыбасыға дейін» атты тарихи-рухани экспедиция ұйымдастырылды.
Экспедицияның негізгі идеясы – бір өңірдің тарихи кеңістігін екі маңызды белес арқылы сабақтастыра көрсету. Бір жағында – Атлах шайқасы өткен тарихи аймақ, екінші жағында – Қазақ хандығының негізі қаланған Қозыбасы өңірі. Осы тарихи нүктелерді байланыстыра отырып, Әулиеата жерінің ғасырлар бойғы өркениеттік, рухани және тарихи маңызын заманауи медиа құралдар арқылы көпшілікке таныстыру көзделуде. Экспедиция құрамына тарихшылар, өлкетанушылар, этнографтар, мәдениет саласының мамандары тартылды. Экспедиция барысында Әулиеата өңірінің тарихи орындары мен табиғи ландшафтары зерттеліп, әрбір нысан бойынша танымдық материалдар әзірленеді.
Бұл маршруттар арқылы экспедиция мүшелері өңірдің археологиялық, тарихи, этнографиялық және рухани маңызы бар нысандарын қамтып, олардың бүгінгі ұрпақ үшін мәнін ашуға бағытталған материалдар әзірлейді.
Экспедицияның маңызды бағыттарының бірі – тарихи нысандарды заманауи форматта таныту. Барлық маршрут бойынша кәсіби фото және бейнетүсірілім жұмыстары жүргізіледі. Тарихи орындар, табиғи ландшафттар, экспедиция барысы, мамандармен сұхбаттар мен танымдық материалдар толық қамтылады. Осылайша экспедиция барысында жинақталған материалдар тек сапар есебі ретінде емес, кейін де пайдалануға болатын тарихи-танымдық цифрлық контент қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұл – Әулиеата жерінің мыңжылдық тарихын біртұтас тарихи кеңістік ретінде көрсетуге бағытталған кешенді зерттеу және ақпараттық жоба. Экспедиция арқылы тарихи орындар туралы ақпаратты жаңа форматта ұсыну, жас ұрпақтың туған жер тарихына қызығушылығын арттыру, өңірдің тарихи-мәдени мұрасын кеңінен таныту және оны цифрлық кеңістікке шығару көзделеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-cultura-arhiv/press/news/details/1272829?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау