МАҚТААРАЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН АШЫҚ ФОРМАТТА КЕЗДЕСУ ӨТКІЗДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Мақтаарал ауданында аудан әкімі Бақыт Асановтың өңірдегі белсенді кәсіпкерлермен және шаруалармен ашық форматтағы кездесуі өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – кәсіпкерлерге жаңа өндіріс орындарын ашуға қолдау көрсету, кәсіпкерлік пен өндіріс саласын дамытуға кедергі келтіріп отырған мәселелерді ортаға салып, оларды бірлесіп шешудің тиімді жолдарын айқындау болды.
Жиынды ашып берген аудан әкімі Бақыт Насырханұлы мұндай кездесуді көптен бері жоспарлап жүргенін атап өтті. Оның айтуынша, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына кәсіпкерлердің қосар үлесі зор. Сондықтан, бизнестің мәселелерін тыңдап қана қоймай, кәсіпкерлердің ұсыныс-пікірлерін ескере отырып, нақты шешімдер қабылдаудың маңызы зор екенін айтты.
«Бүгінгі кездесудің басты мақсаты – кәсіпкерлермен ашық сөйлесіп, ауданның кәсіпкерлік және өндірістік әлеуетін қалай арттыруға болатынын бірге талқылау. «Ауданның кәсіпкерлік саласын қалай алға жылжытамыз?» деген сұраққа кәсіпкерлердің, шаруалардың және мемлекеттік органдардың ортақ пікірі қажет. Сондықтан, әрқайсыңыз өз ойларыңызды, ұсыныстарыңыз бен нақты мәселелеріңізді ашық айтуға шақырамын» – деді, аудан басшысы.
Аудан әкімі Мақтаарал ауданының географиялық орналасуы кәсіпкерлік пен өндірісті дамытуға қолайлы екенін атап өтті. Ауданның ауыл шаруашылығымен қатар, өңдеу өнеркәсібін, логистиканы және басқа да өндірістік бағыттарды дамытуға мүмкіндігі мол. Бұған қоса, қазіргі таңда аудан аумағында теміржол құрылысының жүргізілуі өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, жаңа кәсіп түрлерін дамытуға қосымша мүмкіндік беретін маңызды фактор ретінде бағалануда.
Кездесу барысында ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл арнайы дайындалған бейнеролик арқылы ауданның кәсіпкерлік саласындағы мүмкіндіктеріне тоқталды. Ол ауданның экономикалық аймағы мен өндірістік паркінде салынған ангарларды тиімді пайдалану мәселесін көтеріп, аталған нысандарда кәсіп ашқысы келетін азаматтарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары туралы кеңінен түсіндірді. Атап айтқанда, кәсіпкерлерге ұсынылатын мемлекеттік бағдарламалар, жеңілдетілген несие тетіктері, өндірістік жобаларды іске асыру мүмкіндіктері және кәсіпкерлік нысандарын дамытуға бағытталған қолдаулар жөнінде ақпарат берілді. Сонымен қатар, жеңілдетілген несие қаражатын қандай бағыттарға тиімді жұмсауға болатыны, сұранысқа ие өндіріс түрлерін жолға қоюдың маңызы сөз болды.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров та сөз алып, кәсіпкерлер арасында ортақ жобаларды бірлесіп жүзеге асырудың тиімділігіне тоқталды.Оның айтуынша, бір бағытта жұмыс істейтін бірнеше кәсіпкер өз жобаларын біріктіріп, ауқымды өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік ала алады. Бұл тәсіл қаржылық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланумен қатар, өндіріс көлемін ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.
Кездесуде кәсіпкерлер үшін комерциялық учаскелер мен ғимараттарды пайдалану мәселесі де маңызды тақырыптардың бірі болды. Осыған байланысты аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков коммерциялық мақсаттағы жер учаскелері мен ғимараттарды пайдалану мәселесіне тоқталып, жаңа заңнамалық талаптарды кеңінен түсіндірді. Ол кәсіпкерлерге жерді мақсатты әрі заң талаптарына сәйкес пайдаланудың маңызын айтып, бұл ретте кәсіпкерлік нысандарын салу кезінде тиісті құжаттарды рәсімдеу, құрылыс жұмыстарын заң талаптарына сәйкес жүргізу маңызды екенін жеткізді.
Кездесудің соңында кәсіпкерлер өздері қолға алып жатқан жобалары, өндірісті кеңейту, қаржыландыру, жер телімдерін пайдалану, мемлекеттік қолдау шараларын алу және кәсіпкерлік нысандарын заңдастыруға қатысты мәселелерін ортаға салды. Олар өңірде кәсіпкерлікті дамытуға қосуға ниетті екендерін айтып, өндіріс орындарын жүзеге асыру барысында кездесетін кедергілер мен қажетті мемлекеттік қолдау түрлері жөнінде сұрақтарын қойды. Аудан басшылығы тарапынан әр мәселе бойынша тиісті түсіндірулер беріліп, жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар жүктелді. 
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1272830?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version