Десанттық-шабуылдау әскерлері оқу орталығының «Жағалау» полигонында әскери қызметшілер жауынгерлік машиналарды жүргізудің практикалық дағдыларын пысықтауда. Бұл – кіші мамандарды үш айлық даярлау курсының маңызды кезеңдерінің бірі.
Оқу орталығында Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімдері үшін білікті механик-жүргізушілер даярланады. Даярлықтың алғашқы кезеңінде әскери қызметшілер БТР-80, КамАЗ және «Арлан» БКМ әскери техникасының құрылысын, техникалық сипаттамаларын, пайдалану және техникалық қызмет көрсету тәртібін меңгереді.
Теориялық дайындықтан кейін әскери қызметшілер практикалық сабақтарға көшеді. Полигонында олар ойлы-қырлы жерлерде жауынгерлік машиналарды басқаруды, түрлі кедергілерден өтуді, оңтайлы жылдамдықты таңдауды және жол жағдайын бағалауды үйренеді. Нұсқаушылар әр әскери қызметшінің іс-әрекетін бақылап, қажет болған жағдайда көлік жүргізу тәсілдерін реттеп отырады.
– Басты назарды жауынгерлік машинаны дұрыс басқаруға, кедергілерден өтуге, қауіпсіздік талаптарын сақтауға және техникалық қызмет көрсетуге аударамыз. Біздің міндетіміз – әскери бөлімге барғаннан кейін механик-жүргізуші міндеттерін сенімді атқара алатын маман даярлау, – деп атап өтті Десанттық-шабуылдау әскерлері оқу орталығы командирінің тәрбие және идеологиялық жұмысы жөніндегі орынбасары капитан Мадияр Райымбердиев.
Мерзімді әскери қызметшілер үшін практикалық жүргізу сабақтары жауынгерлік техниканы өз бетінше басқарудағы алғашқы тәжірибе болды.
– Алғашында мұндай техниканы басқару оңай болмады. Алайда әр сабақ сайын өзіңе деген сенім арта түседі. Теорияны меңгердік, енді ең бастысы – мүмкіндігінше көп тәжірибе жинақтап, түрлі жағдайларда дұрыс әрекет етуді үйрену, – деді қатардағы жауынгер Рахат Жаппар.
Айта кетейік, механик-жүргізушінің дайындық деңгейі бөлімшенің ұтқырлығына, техниканың жарамдылығына және экипаждың қойылған жауынгерлік міндеттерді тиімді орындау қабілетіне тікелей әсер етеді. Оқу орталығында алынған білім мен практикалық дағдылар әскери қызметшілердің Десанттық-шабуылдау әскерлерінің бөлімдеріндегі алдағы атқаратын қызметінің берік негізіне айналады.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1272746?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау