Мүгедектігі бар азаматтардың басқа азаматтармен тең дәрежеде дауыс беруге, сайлауға және сайлануға конституциялық құқықтары бар. Бұл құқықтар Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңымен және Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының талаптарымен қамтамасыз етіледі. Жергілікті атқарушы органдар сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар азаматтар үшін қажетті жағдайлар жасауға міндетті.
Жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сәйкес, Алматы облысында 683 сайлау учаскесі ұйымдастырылған, оның ішінде 639-ы ашық, 44-і жабық. Облыс бойынша 1 042 987 сайлаушы тіркелген, оның 43 мыңнан астамы – мүгедектігі бар азаматтар.
Департамент тарапынан «Inva.gov» қолжетімділік картасына енгізілген сайлау учаскелерінің мүгедектігі бар адамдар үшін қаншалықты бейімделгеніне мониторинг жүргізілуде. Қалалар мен аудандар әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, барлық сайлау учаскелерін мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне толық бейімдеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Бұл ретте сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету тек пандус орнатумен шектелмеуі тиіс. Мүгедектігі бар азаматтардың учаскеге өз бетінше және кедергісіз кіріп, ғимарат ішінде еркін қозғалуына, сондай-ақ дауыс беруге қажетті құралдарды пайдалануына жағдай жасалуы қажет.
Сонымен қатар, мүгедектігі бар азаматтардың қажеттіліктерін ескере отырып, сайлау учаскелерінде бірқатар қосымша шараларды қарастыру маңызды:
- сайлау күні мүгедектігі бар азаматтарды сайлау учаскелеріне тасымалдау үшін инватакси қызметінің жұмысын ұйымдастыру;
- сайлау учаскелерінде есту қабілеті бұзылған азаматтарға қажеттілігіне қарай сурдоаудармашының көмегін қамтамасыз ету;
- қолжетімді интерактивті картада «Сайлау учаскелері» жеке санатын енгізіп, учаскелер туралы өзекті ақпаратты тұрақты жаңартып отыру;
- көру қабілеті бұзылған азаматтар үшін Брайль қарпімен әзірленген арнайы трафареттер мен ірі қаріпті ақпараттық стендтерді пайдалану;
- бюллетеньді өз бетінше толтыра алмайтын сайлаушыға комиссия мүшесінен басқа, өзі қалаған адамның көмегін пайдалануға мүмкіндік беру.
Мүгедектігі бар азаматтар сайлау учаскесіне бармас бұрын оның қолжетімділігі туралы ақпаратпен алдын ала таныса алады. Ал денсаулық жағдайына байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын азаматтарға белгіленген тәртіппен тұрғылықты жері бойынша дауыс беру мүмкіндігі беріледі.
Аталған шаралар мүгедектігі бар азаматтардың сайлау құқықтарын толық іске асыруына, олардың сайлау процесіне белсенді қатысуына, әлеуметтік интеграциясына және қоғамдық белсенділігінің артуына ықпал етеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-konaev/press/news/details/1272916?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау