Қонаев қаласына қарасты Шеңгелді ауылдық округінде өсірілген элиталы сұрыпты картоп еліміздің ірі өндіріс орындарының біріне жөнелтілуде. Жергілікті шаруалардан жиналған өнім PepsiCo компаниясының чипс өндірісіне шикізат ретінде жеткізіліп жатыр.
Қонаев қаласының әкімі Асхат Бердіханов Шеңгелдіге барып, картоп өсірумен айналысатын «БайтерекАгроСервис» ЖШС-нің жұмысымен танысты. Шаруашылық биыл 1 790 гектар жерді игеріп, оның 150 гектарына «Пикассо», «Аризона» және «Артемис» сұрыпты картобын еккен.
Қазір алқаптағы өнім жиналып жатыр. Шаруашылық мәліметінше, әр гектардан орта есеппен 25 тоннаға дейін картоп алынуда. Жиналған өнім арнайы өңдеуге жіберіліп, кейін тұтынушыға ұсынылатын чипстердің құрамына айналады.
Серіктестіктің атқарушы директоры Қуаныш Додаевтың айтуынша, биыл шаруашылық «Кең дала» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алып, өндіріс үшін қажетті айналым қаражатын қамтамасыз еткен.
«Осы қаржының арқасында жанар-жағармай, тұқым, тыңайтқыш және ауыл шаруашылығы қызметтеріне қажетті шығындарды уақытылы өтеуге мүмкіндік алдық. Алдағы уақытта элиталы картоп егілетін алқап көлемін 200 гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз», – деді Қуаныш Додаев.
Шеңгелдідегі картоп алқаптарының ұлғаюы ауыл шаруашылығындағы әртараптандыру жұмыстарының нәтижесімен де байланысты. Қонаев қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Асқар Ибраимовтың мәліметінше, биыл елдімекен шаруалары жалпы 313 гектар жерге картоп еккен. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.
«Шаруашылықтар біртіндеп әртараптандыруға көшіп жатыр. Былтыр пияз егілген алқаптардың бір бөлігіне биыл бақша, майлы, дәнді және бұршақ дақылдары орналастырылды. Нәтижесінде Шеңгелдіде 13 мың гектардан астам жер игерілді. Қазіргі таңда қауын-қарбыз, жоңышқа, ерте пісетін бидай мен арпа жиналып бітті. Алда пияз жинау және күзгі дала жұмыстары тұр», – деді бөлім басшысы.
Сондай-ақ оның айтуынша, биыл «Кең дала» бағдарламасы аясында Шеңгелді шаруаларынан берілген төрт өтінім мақұлданған.
Қала әкімі Асхат Бердіханов шаруашылықтағы жұмыстармен таныса келе, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және жергілікті кәсіпкерлердің бастамаларын қолдауға қала әкімдігі тарапынан қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl-qonaev/press/news/details/1272683?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау