Қазақстанда жыл сайын тамыздың үшінші жексенбісінде Спорт күні аталып өтеді. Осы мерекеге орай Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды.
Атырау облысының әкімі Болат Ақшолақов өңір спортшыларының республикалық және халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүргенін атап өтті.
– Баршаңызды кәсіби мереке – Спорт күнімен құттықтап, облыс намысын абыроймен қорғап жүргендеріңіз үшін алғыс айтамын. Бүгінде өңірде кәсіби спортпен қатар бұқаралық спортты дамытуға да қолайлы жағдай жасалуда. Мереке қарсаңында “Жұлдыз” шағынауданында спорт кешені ашылды. Сондай-ақ Жайық өзенінің жағалауындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің қасынан олимпиадалық резервтегі спортшыларды даярлауға арналған жаттығу орталығы салынып, пайдалануға берілді.
Жыл басынан бері спортшыларымыз 700-ге жуық медаль жеңіп алған. Қазақтың даңқты спортшысы Жақсылық Үшкемпіров: «Елдің рухы болса, алынбайтын қамал жоқ. Жеңіске тек намыс жеткізеді» деген еді. Баршаңызға мықты денсаулық, асқақ рух және жаңа жеңістер тілеймін! – деді Болат Ақшолақов.
Өңірде спорт инфрақұрылымын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда 23 спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Оның үшеуі Атырау қаласында, қалғаны ауылдық елді мекендерде бой көтеруде. Бұдан бөлек, 12 мың көрерменге арналған EURO IV санатындағы стадионның, «Атырау Арена» көпфункционалды кешенінің және спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат салынуда.
Облыс орталығында екі стадион, «Атырау» спорт кешені мен ескек есу базасы қайта жаңғыртылып жатыр.
Салтанатты шара барысында дене шынықтыру және спорт саласын дамытуға үлес қосқан бірқатар азаматқа облыс әкімінің алғысхаттары табысталды.
Мерекелік кеш концерттік бағдарламамен және театрландырылған қойылымдармен жалғасты. Іс-шараға белгілі әнші, «Парасат» орденінің иегері Сәкен Майғазиев арнайы қонақ ретінде қатысып, өз өнерін ортаға салды.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau/press/news/details/1273674?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау