Қазақстанның Спорт күніне орай Талдықорған қаласында жастардың, белсенді өмір салтын ұстанушылардың және түрлі сала өкілдерінің басын қосқан ауқымды велошеру ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында қоғамдық тәртіп пен қатысушылардың қауіпсіздігін полиция қызметкерлері қамтамасыз етті. Сонымен қатар тәртіп сақшылары велошеруге қатысушыларды сүйемелдеумен ғана шектелмей, өздері де акцияға белсене атсалысты.
Велошеруге полицияның «Арлан» спорт клубының қызметкерлері де қатысты. Олар өзге қатысушылармен бірге белгіленген қашықтықты бағындырып, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау бастамасын қолдады.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, спорт адамдарды біріктіріп, мінезді шыңдайды және өзін-өзі жетілдіруге мүмкіндік береді. Осындай іс-шаралар жастарды бұқаралық спортпен айналысуға ынталандырып, денсаулыққа деген жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді.
Велошеру тек спорттық шара ғана емес, қоғамда салауатты өмір салтын қалыптастырудың жарқын үлгісіне айналды. Полиция қызметкерлері азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, спортты дамытуға да өз үлестерін қосып келеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1273676?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау