«Игілік» және «Береке» жаңа бағдарламалары Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі Кешенді жоспар аясында іске қосылды. Үкіметтің алдына саланы жекелеген қолдау шараларынан жүйелі дамытуға көшіру міндеті қойылды. Бұл мал басын көбейтуге, өнімділікті арттыруға, қайта өңдеуді дамытуға және отандық мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Осы жұмыстың негізгі құралдарына импорттық асыл тұқымды мал басын сатып алуды жылдық 6%-дан аспайтын мөлшерлемемен 7 жылға дейінгі мерзімге қаржыландыруды көздейтін «Игілік» және «Береке» жеңілдетілген несиелеу бағдарламалары жатады.
Ақмола облысы еліміздің өңірлері арасында қажетті ұйымдастырушылық рәсімдерді алғашқылардың бірі болып аяқтап, жобаларды нақты қаржыландыруға кірісті. Жұмыс облыс әкімі Марат Ахметжановтың ерекше бақылауында. Өңірде бағдарламаларды іске асыруды «KOKSHE» ӘКК» АҚ қамтамасыз етеді. Корпорация ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің жобаларын қарастырып, оларды Аграрлық несие корпорациясы арқылы тартылған қаражат есебінен қаржыландырады.
«Береке» бағдарламасы бойынша алғашқы қарыз алушы – Ерейментау ауданының Төменгі Тоғай ауылында жұмыс істейтін «Ерейментау Астык 2014» ЖШС. Бірнеше жыл бұрын инвесторлар қараусыз қалған өндірістік базаны өз қаражаты есебінен сатып алып, қайта қалпына келтірген. Кәсіпорын ұсақ мал өсірумен айналысады және бордақылау алаңын кеңейтіп, бір мезгілде 10 мың басқа дейін мал ұстауды жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта шаруашылықта шамамен 1 мың бас мал бар. «Береке» бағдарламасы бойынша алынған 2 млрд теңге кәсіпорынға дамудың келесі кезеңіне өтуге – өз аналық мал басын қалыптастырып, төл өндіру жұмыстарын жолға қоюға мүмкіндік береді.
«Береке» бағдарламасының арқасында етті бағыттағы дорпер тұқымынан 150 асыл тұқымды қошқар сатып алынады. Мал басын Австралиядан әуе көлігімен жеткізу жоспарлануда. Жас малды қажетті тауарлық кондицияға дейін өсіріп, кейін экспорттық келісімшарттар бойынша өткіземіз», – деді «Ерейментау Астык 2014» ЖШС атқарушы директоры Марат Ермаханов.
Алғашқы жоба қорытынды кезеңнен барынша қысқа мерзімде өтті.
«Кеше кредиттік комитет отырысында осы жобаны қарастырып, мақұлдадық. Ал бүгін «Береке» бағдарламасы аясында алғашқы несие беру туралы шартқа қол қойып отырмыз. Мемлекеттік қолдаудың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жедел жетіп, нақты нәтижеге бағытталуы біз үшін маңызды. Бұл жоба көптеген бастаманың алғашқысы болып, өңірдегі мал шаруашылығын одан әрі дамытуға негіз болады деп сенеміз», – деді «KOKSHE» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Серікбай Құсайынов.
«Береке» бағдарламасы бойынша алғашқы несиенің Ерейментау ауданында берілуінің өзіндік мәні бар. Бұл – Ақмола облысында етті мал шаруашылығын дамытудың негізгі аумақтарының бірі. Мұнда ет кластері қалыптасып, ірі жобалар жүзеге асырылуда. Сонымен қатар мал өсіруден бастап дайын өнімді қайта өңдеу мен өткізуге дейінгі толық өндірістік цикл біртіндеп қалыптасып келеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1274022?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау