Сандықтау ауданында туристік кластерді дамыту перспективалары Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановқа таныстырылды.
Балкашино ауылында «Целингидротех» ЖШС Жабай өзенінің бойында жұмыстар жүргізуде. Атап айтқанда, өзен арнасы кеңейтіліп, түбі тереңдетіліп, оған іргелес аумақ абаттандырылды. Жағалауда құмды жағажайы, жағажай волейболы мен футболға арналған алаңдары бар демалыс аймағы құрылды.
Компанияның құрылтайшысы Азамат Ермұхамбетовтың айтуынша, аталған инфрақұрылым ауданда туристік бағытты одан әрі дамытуға негіз бола алады. Алдағы уақытта Сандықтау ауданының көрікті табиғи жерлері бойынша туристік маршруттар ұйымдастыру, отбасылық және экологиялық туризмді дамыту, жаңа демалыс орындарын құру және басқа өңірлерден туристер тарту жоспарлануда.
«Сандықтау ауданында туризмді экономикалық дамудың жаңа бағыттарының біріне айналдыруға барлық мүмкіндік бар. Көрікті табиғаты, ормандары, су айдындары мен бірегей табиғи нысандары қызықты маршруттар әзірлеп, толыққанды туристік өнім қалыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай жобаларды ілгерілету үшін кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы органдардың өзара үйлесімді іс-қимылы қажет. Бұл ретте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін де ұмытпауымыз керек», – деді Марат Ахметжанов.
Кездесу барысында мұндай жобаларды іске асыру Сандықтау ауданының демалыс орны ретіндегі тартымдылығын арттырып қана қоймай, шағын және орта бизнесті, қызмет көрсету саласын дамытуға және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтуға жаңа мүмкіндіктер беретіні атап өтілді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1274013?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау