Қарағандыда балкон арқылы пәтерге кірген тонаушы ұсталды. Қарағандыда пәтерге балкон арқылы кіріп, тұрғынды пышақпен қорқытып, ұялы телефонын алып кеткен күдікті ұсталды. Оқиға қаладағы тұрғын үйлердің бірінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті пәтерді бірнеше күн бойы бақылап, тұрғындардың үйде болмайтын уақытын анықтаған. Кейін екінші қабаттағы пәтерге балкон арқылы кірген. Алайда пәтер ішінде ол үй иесімен кездейсоқ бетпе-бет келген. Қаскүнем пышақпен қорқытып, ақша беруді талап еткен. Тұрғын ақша бермеген соң, күдікті үстелде жатқан ұялы телефонды алып, пәтерден балкон арқылы шығып кеткен. Оқиға туралы полицияға хабар түсіп, жедел-тергеу тобы оқиға орнына барды. Қызметкерлер қылмысқа қатысты бастапқы мәліметтерді жинап, күдіктінің белгілерін анықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қарағанды қаласы патрульдік полиция полкінің қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ол 22 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Ұстау кезінде одан ұрланған ұялы телефон тәркіленіп, заттай дәлел ретінде іске тіркелді. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1273822?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау