Бүгін аймақ басшысы Берік Уәли Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Абай облысындағы филиалының директоры Алтынай Әбдірахмановамен кездесті.
Кездесуге ұлттық банк жанындағы қызметті қамтамасыз ету орталығы мен құрылыс басқармасының басшылары қатысты. Алтынай Әбдірахманова облыс әкіміне филиалдың қызметі мен алдағы жобалары туралы баяндады. Сонымен қатар Семей қаласында салынып жатқан жаңа ғимараттың жобасы таныстырылды. Жаңа нысанды салу үшін облыс әкімдігі тарапынан жер телімі белгіленді.
Кездесуде ғимараттың құрылысы және оны жүзеге асыруға қатысты мәселелер талқыланды. Ұлттық Банктің облыстағы филиалы 2022 жылы қыркүйекте құрылған. Филиал өңірде ақша-кредит саясатын іске асыруға, валюталық реттеу мен бақылауға, сондай-ақ қаржы нарығы бойынша статистикалық деректерді жинау және талдауға қатысады. Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыруға да басымдық береді. «Өрлеу» ұлттық біліктілікті арттыру орталығымен бірлесіп, мектеп және колледж педагогтеріне қаржылық сауаттылық негіздерін үйрететін жоба жүзеге асырылуда.
Кездесу соңында облыс әкімі өңірдегі қаржылық сауаттылықты арттыру, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызын атап өтіп, филиалдың жаңа ғимаратының құрылысы, инженерлік желілерді тарту бойынша әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетілетін жеткізді.
«Семей қаласында күзде пайдалануға берілетін, шаһардың көрікті тұсынан, жаңа көпірдің жанынан бой көтеретін жаңа ғимараттың жобасымен таныстық. Жақсы екен. Жаңа нысан біздің қаламыздың сәулеттік келбетін одан ары аша түседі деп ойлаймын. Бұл жоба қаланың дамуы үшін маңызды. Өте қуаныштымыз. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. Қажетті инфрақұрылым жүйелерін жүргізуге, жылу, электр энергиясын жеткізуге әкімдік тарапынан жан жақты қолдау көрсетеміз», – деді Берік Уәли.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/abay/press/news/details/1273821?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау