Жұмыс сапары барысында қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Bozjorga Bus» ЖШС-нің жаңа автобустарымен танысты. Қала ішіндегі бағыттарға қызмет көрсететін тасымалдаушының автопаркі бүгін 17 заманауи автобуспен толығып отыр.
Қала әкімі қоғамдық көліктің құрамын жүйелі түрде жаңарту – саланы дамытудың негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті. Заманауи автобустар қауіпсіздік, жайлылық және қолжетімділік талаптарына сай болып, тұрғындарға сапалы көлік қызметін көрсетуі тиіс.
14 тамыздан бастап жаңа автобустар әлеуметтік маңызы бар №72 бағытқа шығады. Аталған бағыт тұрғын алаптарын қаланың әлеуметтік және сауда нысандарымен байланыстырады. Автобустар төмен еденді платформамен, қозғалысы шектеулі жолаушылар мен балалар арбасын пайдаланатын жолаушыларға арналған пандустармен жабдықталған.
Айта кетейік, Шымкентте автобус паркін кезең-кезеңімен жаңарту жұмысы жалғасын табады. Бұл жолаушылар тасымалының сапасын арттыруға, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға және қаланың заманауи көлік инфрақұрылымын одан әрі дамытуға бағытталған.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent/press/news/details/1273942?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау