Тәулік бойы созылған іздеу жұмыстары өз нәтижесін берді. Ордабасы ауданында үйінен шығып, қайта оралмаған 56 жастағы тұрғын аман-есен табылды. Ер адамның жоғалғаны туралы хабарлама полицияға түскен сәттен бастап, оның әрбір минутын жоғалтпай іздеу жұмыстары басталды. Туыстарының айтуынша, тұрғынның денсаулығында кінәраты болған.
Сондықтан полицейлер үшін басты міндет ер азаматты мүмкіндігінше тез тауып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету еді. Полиция қызметкерлері тұрғынның ықтимал жүру бағытын анықтап, Темірлан ауылының солтүстік-батысындағы кең алқаптарды, егістік жерлер мен арық жағалауларын жаяу тексере бастады.
Іздеу аумағы кең болғандықтан, полицейлер дронды да іске қосты. Әуеден бақылау жүргізіліп, жерден қарағанда бірден байқала бермейтін аумақтар жіті тексерілді. Іздеу жұмыстары тоқтаған жоқ. Нәтижесінде іздеу тобы егістік алқаптарының бірінен жоғалған тұрғынды тапты. Ең маңыздысы ол аман-есен болды.
Полицейлер ер адамды қауіпсіз жерге шығарып, жақындарына жеткізді. Жақындарының аман табылуына себепші болған полиция қызметкерлеріне отбасы мүшелері шынайы алғыстарын білдірді. Бір адамның тағдырына алаңдаған іздеу жұмыстарының артында уақытпен санаспай, әр ізді тексеріп, әр мүмкіндікті пайдаланған полицейлердің еңбегі тұр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-turkistan/press/news/details/1273853?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау