Вильнюс, 2026 жылғы 13 тамыз – Қазақстан Республикасының Литва Республикасындағы Елшілігі Абай күнін мерекелеу аясында Вильнюстегі Адам Мицкевич атындағы қоғамдық кітапханада «Абай күні: ұлттық классикалық әдебиетін түркі мұрасының бір бөлігі ретінде таныстыру» атты Әзербайжан және Түркия елшіліктерінің қолдауымен әдеби-мәдени кездесу ұйымдастырды.
Кездесуде сөз сөйлеген Қазақстан Елшісі Тимур Оразаев Абай Құнанбайұлының философиялық және әдеби мұрасын кеңінен таныстырып, оның шығармашылығындағы сопылық сарындар мен Шығыстың зияткерлік дәстүрлерінің ықпалына назар аударды. Баяндаманың өзегін ойшылдың адамгершілік тұрғыдан кемелдену, адамның еркіндігі мен жауапкершілігі, қайрат, ақыл және жүрек үйлесімі туралы идеялары құрады. Қазіргі адамзат ақпараттық және әлеуметтік өмірде түрлі сын-қатерлерге тап болып отырған жағдайда, дәл осы қасиеттердің маңызы ерекше екені атап өтілді. Сондай-ақ Абайдың қазақ жазба әдебиетінің дамуына және көркем аударма арқылы қазақ қоғамын әлемдік классикамен таныстыруға қосқан үлесі, оның қазақ мәдениеті мен дүниетанымында халықаралық ойлау көкжиегі мен ашықтықтың қалыптасуына ықпалы атап өтілді.
Кездесу бағдарламасында түркі әлемінің әдеби мұрасына да ерекше орын берілді. Әзербайжанның Литвадағы Елшісі Тамерлан Гараев әзербайжан поэзиясының түркі мәдени мұрасы мен әлем әдебиетіне қосқан үлесі туралы айтып, оның көрнекті өкілдерінің шығармашылығын таныстырды. Доктор Акан Гюрбюз (Вильнюс университетінің оқытушысы), түрік әдебиетінің Орхон жазбаларынан қазіргі заманғы авторларға дейінгі негізгі даму кезеңдерін таныстырды.
Литва аудиториясын көркем аударма арқылы қазақ әдебиетімен таныстыру іс-шараның жеке тақырыбы болды. Вильнюс университетінің доценті Антанас Сметона қазақстандық жазушының «Мамлюк» романын литва тіліне аудару тәжірибесімен бөлісіп, туындыны литва тілінде жеткізудің ерекшеліктері мен қиындықтары туралы әңгімеледі.
Кездесудің А.Мицкевич атындағы кітапханада өтуінің ерекше мәні бар. Мұнда 2020 жылдан бері Абай Құнанбайұлы атындағы оқу залы – «Абай коллекциясы» жұмыс істейді. Ол литвалық оқырмандарға қазақ ойшылының шығармаларымен және Қазақстан әдебиетімен танысуға мүмкіндік береді.
Іс-шараға Литваның мемлекеттік және қоғамдық топтарының, дипломатиялық корпустың, академиялық қауымдастықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.
Абай күнін өткізу қазақ әдебиеті мен мәдениетін шетелде кеңінен танытуға, сондай-ақ Қазақстан мен Литва арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға ықпал етті.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-vilnius/press/news/details/1274010?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау