Балкашино ауылындағы мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шаңғы-роллер трассасы күн сайын ондаған жас спортшыны қабылдайды. Жаз мезгілінде дене дайындығын шыңдау үшін мұнда Сандықтау ауданының шаңғышыларымен қатар Ақкөл, Зеренді аудандары мен Петропавл қаласынан да спортшылар келеді. Жұмыс сапары барысында Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов спорттық инфрақұрылымның жағдайымен және жас спортшылардың даярлығымен танысты.
Өңір басшысы шаңғы-роллер трассасын және биатлонмен айналысуға арналған ату алаңын аралап көріп, спортшылар және жаттықтырушылармен тілдесті. Кездесу барысында жаттығу үдерісінің жағдайы, спортшыларды жарыстарға дайындау және спорттық базаны одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.
2025 жылы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын шаңғы-роллер трассасына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, жарықтандыру жүйесі орнатылды. Бұл ауа райына қарамастан жаттығуларды қолайлы уақытта өткізуге мүмкіндік береді. Мұнда шаңғы жарысы мен биатлон бойынша екі спорт түрі дамып келеді. Балалармен 24 педагог жұмыс істейді, жаттығу үдерісіне 250-ден астам адам қамтылған. Трасса базасында түрлі деңгейдегі жарыстар тұрақты түрде өткізіліп, жас спортшыларға қажетті тәжірибе жинақтауға мүмкіндік берілуде.
«Сандықтау ауданы өзінің спорттық дәстүрлерімен танымал. Осы өңірде талай атақты спортшылардың қалыптасып, үлкен спортқа жолдама алғанын білеміз. Спорт тек медаль әкеліп қана қоймайды. Ол еңбекқорлық пен тәртіпке баулиды, командада жұмыс істеу дағдысын қалыптастырады, адамның өзін-өзі жетілдіруіне серпін береді. Әрдайым алға ұмтылып, биік мақсаттарға талпыныңыздар. Сіздермен бүкіл ел мақтанатын болсын», – деді өңір басшысы жас спортшыларға.
Жаттықтырушылар болашағынан үміт күттіретін шаңғышылардың қатарында Ангелина Кульбабаны атап өтеді. 11 жастағы спортшы үш жыл бойы биатлонмен айналысып, кейін шаңғы жарысы секциясына ауысқан. Ангелина Қазақстан чемпионатына қатысып, өз жас санатында халықаралық «Белый марафон» жарысының бірнеше дүркін жеңімпазы және күміс жүлдегері атанған. Жас шаңғышы жаңа трасса туралы ерекше ықыласпен айтады. Оның пікірінше, сапалы асфальт пен қызықты рельеф жаттығу кезінде бар күшін салуға және нәтижесін үнемі жақсартуға мүмкіндік береді.
Марат Ахметжанов ауданның спорттық инфрақұрылымын одан әрі дамыту, жаттықтырушылар құрамын қолдау, сондай-ақ балалар мен жастарды дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысуға тартудың маңыздылығын атап өтті.
«Спортпен айналысуға қолайлы жағдай жасау – біздің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі, әсіресе өскелең ұрпақ үшін. Өңірдің климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, мұнда қысқы спорт түрлерін дамыту қажет. Спортшылардың толыққанды жаттығуына жағдай жасап, ғылыми негізделген тәсілдер мен инновациялық әдістерді ескеру маңызды. Бұл Ақмола облысының спортшыларына түрлі деңгейдегі жарыстарда өңір намысын абыроймен қорғауға мүмкіндік береді. Ал біз сапалы спорттық инфрақұрылымды қалыптастыруға қолдау көрсетеміз», – деді облыс әкімі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1274011?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау