15 тамызда Алматы онкологиялық орталығында өкпе обырының алдын алу және ерте анықтауға арналған Ашық есік күні өтеді.
Сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін Алматы тұрғындары торакальды онкологтардың тегін кеңесін ала алады.
Сондай-ақ іс-шара барысында кеуде қуысы ағзаларының төмен дозалы компьютерлік томографиясының нәтижелері бар науқастарға да кеңес беріледі. Қажет болған жағдайда бұрын жүргізілген зерттеулердің суреттері мен дискілерін өзіңізбен бірге алып келу ұсынылады.
Алматы онкологиялық орталығының кеңестік-диагностикалық бөлімінің дәрігері Ақбота Адилованың айтуынша, өкпе обырындағы негізгі мәселелердің бірі — аурудың кеш анықталуы. Ерте кезеңдерде ауру айқын белгілерсіз өтуі мүмкін.
«Ұзақ уақытқа созылған немесе сипаты өзгерген жөтел, ентігу, кеуде тұсының ауыруы немесе жайсыздық сезімі, қақырықта қанның болуы, дауыстың қарлығуы, себепсіз салмақ жоғалту және тұрақты әлсіздік — дәрігерге қаралуға себеп. Мұндай белгілер әрдайым қатерлі ісікпен байланысты емес, бірақ олар назар аударуды және тексеруді қажет етеді», – деп атап өтеді онколог.
Өкпе обырының негізгі қауіп факторларының бірі — темекі шегу, соның ішінде пассивті темекі шегу. Мамандар темекіден бас тартуға және алаңдататын белгілер пайда болған жағдайда дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге кеңес береді.
Өкпе обыры Алматыда анықталған барлық онкологиялық аурулардың 5,5%-ын құрайды. Қазіргі уақытта осы диагнозбен 1 053 науқас диспансерлік есепте тұр.
Ашық есік күні:
- 2026 жылғы 15 тамыз
- 09:00–13:00
- Алматы онкологиялық орталығы, Папанин көшесі, 220, А литері, 1-қабат
- +7 (727) 312-24-74
Қатысу және кеңес алу — тегін.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/press/news/details/1274527?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау