Аудан әкімі Жалғас Мұртаза азаматтарды жеке қабылдап, тұрғындардың ұсыныс-тілектері мен өздерін толғандырған мәселелерін тыңдады.
Қабылдауда тұрғын үй мәселесі, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспана алу және тұрғын үй кезегіне тұру тәртібі, тұрғын үй сертификатын алу, көпқабатты үйлердің шатырын ауыстыру, кәріз жүйесін ретке келтіру және жөндеу жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ тұрақты жұмысқа орналасу мәселелері көтерілді.
Аудан басшысы әр азаматтың мәселесін жеке тыңдап, қолданыстағы заңнама аясында тиісті түсініктеме берді.
Сонымен қатар, тұрғын үй мәселесіне қатысты кезектілік пен баспана алу тәртібіндегі өзгерістер түсіндірілді. Қазіргі таңда тұрғын үй кезегіне қатысты жұмыстар «Отбасы банкі» АҚ құзыретіне берілген.
Жеке қабылдауда көтерілген мәселелердің бірқатары бойынша жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар беріліп, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Басты мақсат – тұрғындардың мәселесін тыңдап қана қоймай, оның шешілуіне нақты ықпал ету.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-zhualy/press/news/details/1274263?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау