Ауданымызда ауыл шаруашылығы саласының өзекті мәселелерін талқылауға арналған «Тұзданған топырақ жағдайында ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірудің тиімді жолдары» тақырыбында «Дала күні – 2026» ғылыми-практикалық семинары өтті.
Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі тіректерінің бірі. Биыл аудан аумағындағы егістік көлемі 70 518 гектарды құрап отыр. Осыған байланысты жердің құнарын сақтау, су ресурстарын тиімді пайдалану, өнімділікті арттыру және заманауи технологияларды енгізу – маңызды міндеттердің бірі.
Іс-шараның алғашқы бөлігінде аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы арнайы ұйымдастырылған көрмені аралап, ауыл шаруашылығы саласында қолданылып жатқан заманауи техникалармен, инновациялық технологиялармен және өндірістік жобалармен танысты.
Көрмеде еңбек өнімділігін арттыруға, шығындарды азайтуға және ауыл шаруашылығы өндірісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретін техникалар мен технологиялардың мүмкіндіктері таныстырылды.
Көрмеден кейін семинар жұмысы жалғасып, маңызды басқосуды аудан әкімінің орынбасары Тоқсейіт Елекеев жүргізді.
Семинар барысында суармалы жерлерді тиімді пайдалану, топырақ құнарлылығын сақтау, тұзданған алқаптардың өнімділігін арттыру, заманауи техникаларды пайдалану және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.
«Kaz Kioti» ЖШС өкілі Сабырхан Ғазизбек Маратбекұлы ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, еңбек өнімділігін арттыру және заманауи технологияларды енгізудің тиімділігі жөнінде баяндама жасады.
PhD Пошанов Мақсат Нұрбайұлы Көксарай су реттегішіне іргелес суармалы жерлерді тиімді пайдалануға бағытталған ғылыми зерттеулерін таныстырып, су ресурстарын басқару мен жерді ұтымды пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Әміров Бақытбек Мұстафаұлы тұзданған топырақ жағдайында дақыл өсірудің тиімді тәсілдері туралы айтып, топырақ құнарлылығын сақтау мен жоғары өнім алудың ғылыми негізделген жолдарын ұсынды.
«КазКрахмал» ЖШС өкілі жүгері кластерін дамыту, өнімді өңдеу және өнімділікті арттыру мүмкіндіктері жөнінде баяндама жасап, жүгері өндірісінің өңір экономикасындағы әлеуетіне тоқталды.
Семинардың басты ерекшелігі – ғылым мен өндірістің өзара байланысын нығайтуы. Шаруа қожалықтарының өкілдері ғалымдар мен сала мамандарына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, нақты жауаптар мен практикалық кеңестер алды.
Өз кезегінде аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше мән беріп, жер мен суды тиімді пайдаланудың аудан үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.
«Біздің ауданымыздың негізгі әлеуетінің бірі – ауыл шаруашылығы. Сондықтан әр гектар жерден мол өнім алу, суды ысырап етпеу, топырақтың құнарлылығын сақтау – баршамызға ортақ міндет. Бүгінде шаруаның еңбегін жеңілдететін заманауи техника мен ғылыми тәсілдер бар. Ең бастысы – сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, ғылым мен тәжірибені өндірісте ұштастыру. Әсіресе тұзданған жерлерді тиімді игеру, суармалы алқаптардың өнімділігін арттыру бағытында нақты жұмыстар жүргізуіміз қажет», – деді аудан әкімі.
Сонымен қатар Қайрат Жолдыбайұлы аудан шаруаларына ғылыми ізденістері мен тәжірибелерін ортаға салып, пайдалы кеңестерімен бөліскен ғалымдар мен сала мамандарына алғысын білдірді.
«Дала күні – 2026» – ауыл шаруашылығындағы жаңашылдықтарды таныстырып қана қоймай, шаруалар мен ғалымдардың тәжірибе алмасуына, нақты мәселелерді бірге талқылауына және тиімді шешімдер қалыптастыруына мүмкіндік берген мазмұнды алаң болды.
Алдағы уақытта да ғылым мен тәжірибені ұштастырған мұндай кездесулер жалғасын тауып, ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға, жердің өнімділігін арттыруға және ауыл шаруашылығы саласының жаңа мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға серпін бермек.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-otyrar-qogam/press/news/details/1274612?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау