Сессияны жабамын деп, екі миллионға жуық қарызға батырған
Академиялық қарызын жапқысы келген өскемендік студент қыз ірі көлемде қаржылық шығынға ұшырады. Оқуға көмектесудің орнына бойжеткеннің атына бөліп төлеу мен несімдер рәсімделген, ал мәселені шешуге уәде берген бейтаныс адам алаяқ болып шыққан.
Өскемен қаласы полиция басқармасына 22 жастағы жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, бұрын бейтаныс ер адам академиялық қарызын жабуға және қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмектесуді ұсынған. Сенімге кірген ол әртүрлі сылтаулармен қызды бөліп төлеу жүйесі мен несиелер рәсімдеуге көндіріп, алынған ақша қаражатын өзінің бақылауындағы шоттарға аударуды талап еткен.
Алаяқтық әрекеттердің салдарынан жәбірленушіге1 709 990 теңге көлемінде залал келтірілген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Өскемен қалалық Полиция басқармасының киберқылмысқа қарсы күрес тобы «Hi-Tech» жедел-профилактикалық іс-шарасы айналасында күдіктіні анықтады. Ол облыс орталығының 20 жастағы тұрғыны болып шықты.
Аталған факті бойынша алаяқтық белгілерімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаменті ескертеді: оқуға, емтихандарға немесе құжаттарға қатысты мәселелерді ақшаға шешіп беру туралы ұсыныстар алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін. Өзге адамдардың өтініші бойынша жеке деректеріңізді бермеңіз және несие рәсімдемеңіз.
ШҚО ПД баспасөз қызметі
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-vko/press/news/details/1274487?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау