10 тамыз – Абай күні

Жарияланды:

Автор:

категорияда

10 тамыз – Абай күніне орай Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты мекемелерде сотталғандар мен кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасында ұлы қазақ ақыны, ойшыл, әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттауға, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға және білімге қызығушылықты арттыруға бағытталған бірқатар мәдени-ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылды.

2026 жылдың 10 тамызында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен кәмелетке толмаған сотталғандар үшін «Абай және бала тәрбиесі» тақырыбында тағылымды кездесу өткізілді. Шараға А.Байтұрсынұлы музейінің аға ғылыми қызметкері, алаштанушы Әділет Ахмет арнайы шақырылып, Абайдың бала тәрбиесі, білім мен ғылымның маңызы, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жөніндегі ойларын кеңінен түсіндірді.

           2026 жылдың 13 тамызында Алматы қаласының “Анаға құрмет” музей өкілдерінің қатысумен Абай күніне орай рухани-тағылымдық кеш өткізілді.

Мерекелік іс шараға арнайы шақырылған “Анаға құрмет” музейінің директоры Г. Әбіш пен музей қызметкері А. Қайратқызы Абай шығармашылығындағы жастар тәрбиесіне қатысты ана махаббаты, отбасылық құндылықтар және ізгілік  туралы әңгімеледі. Кеш барысында жазасын өтеуші жасөспірімдер Абайдың жалынды жырлары мен қара сөздерін нақышына келтіріп жатқа оқыды. Музей директоры мекемедегі кітапханаға “Сәукеле” портретін тарту етіп іс шараның сәнін келтірді. Бұл сәт жазасын өтеуші жасөспірімдерге өнерге деген талпыныстарын және рухани жаңаруға деген құштарлығын көрсетті.

 2026 жылдың 14 тамызында Абай күніне арналған шығармашылық шеберлік сағаты ұйымдастырылды. Іс-шара «Волонтерлікті дамыту және волонтерлік бастамаларды қолдау» жобасы аясында, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы аясында жүзеге асырылды.

Шеберлік сағатын КММ №24 лицейінің көркем еңбек пәні мұғалімі, өнертану ғылымының магистрі Шаймурат Ұлан Серікұлы өткізді. Ол жасөспірімдерге сурет өнерінің ерекшеліктерін таныстырып, практикалық сабақ арқылы олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етті. Іс-шара барысында ресурстық тренер-психолог Хабаева Ж.Д. психологиялық қолдау көрсетіп, жасөспірімдердің шығармашылық үдеріске белсенді қатысуына жағдай жасады. Өнер арқылы балаларға өз эмоциялары мен ішкі сезімдерін еркін жеткізуге мүмкіндік берілді.

2026 жылдың 10 тамызында ұлы ақынның туған күніне арналған мәдени-ағартушылық іс-шара өткізілді. Іс-шараға Алматы қаласы № 6 кітапхана қызметкерлері қатысты. Абайдың өлеңдері оқылып, әндері орындалды және ақынның бай шығармашылық мұрасына арналған тақырыптық көрме ұйымдастырылды.

Сондай-ақ №13 мекемеде жазасын өтеушілер үшін танымдық бағыттағы мәдени іс-шара өткізіліп, олар Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың музейі мен мемориалдық пәтеріне арнайы барды. Қатысушылар мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметіне, жеке заттарына, фотосуреттері мен тарихи құжаттарына қатысты экспозициялармен танысты. Музейдегі Д.А.Қонаевтың жеке кітапханасы ерекше қызығушылық тудырып, қатысушылар қазақ әдебиеті мен Абай Құнанбайұлының рухани мұрасына қатысты кітаптарды тамашалады.

№72 мекемеде Алматы қаласы Мәдениет басқармасының қолдауымен 10 тамыз – Абай күніне орай тағылымды іс-шара ұйымдастырылды. №39 балалар кітапханасының қызметкерлері Асанова Сымбат Құнанбайқызы, Жандосова Айнур Айноллаевна және Рәпілова Аяулым Бақытжанқызы сотталғандарға Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған дәріс өткізді.

Іс-шаралар барысында Абайдың шығармалары мен қара сөздеріндегі адамгершілік, білім, еңбек, ғылым, тәрбие және ізгілік идеяларына ерекше назар аударылды. Ақынның «Ғылым таппай мақтанба» атты тағылымды ойы жас ұрпақты білімге, еңбекке, талап пен ізгілікке ұмтылуға үндейтін рухани бағдар ретінде түсіндірілді.

Іс-шаралардың негізгі мақсаты – Абайдың мол рухани мұрасын жас ұрпаққа кеңінен таныстыру, оның білім, ғылым, еңбек, адамгершілік және бала тәрбиесі жөніндегі тағылымды ойларын дәріптеу, сондай-ақ сотталғандардың шығармашылық және танымдық белсенділігін арттыру.

Абай күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралар өз мақсатына жетіп, қатысушыларға Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын тереңірек танып-білуге мүмкіндік берді. Мәдени-ағартушылық, кітапханалық, музейлік және шығармашылық бағыттарды қамтыған жұмыстар алдағы уақытта да жасөспірімдер мен сотталғандардың рухани дамуына бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығын көрсетті.

 

 

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almduis/press/news/details/1274730?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version