Creative Aimaq аясында Жетісу облысының креаторлары 5 мың келушіге 16 млн теңгенің өнімін сатты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

15-16 тамыз күндері Астана қаласындағы Qazaq Creative Hub алаңында Creative Aimaq республикалық жобасы аясында Жетісу облысының креативті индустриялар жәрмеңкесі өтті.

Іс-шараға өңірдің 30 креаторы қатысты. Олар ұлттық қолөнер, дизайн, өнер, гастрономия және заманауи технологиялар саласындағы өнімдері мен жобаларын ұсынды. Екі күн ішінде жәрмеңкеге 5 мыңға жуық адам келді.

Іс-шара қорытындысы бойынша креативті өнімдердің тікелей сатылым көлемі шамамен 16 млн теңгені құрады. Атап айтқанда, суретшілердің картиналары 9 млн 975 мың теңгеге, шеберлердің бұйымдары 3 млн 85 мың теңгеге, ұлттық қолөнер бұйымдары 800 мың теңгеге, өзге де өнімдер 961 мың теңгеге сатылды.

Сондай-ақ келушілер электрлі велосипед, ұлттық ойыншықтар мен бас киімдер, зергерлік және ағаш бұйымдарын, киіз аяқ киімдерді сатып алды.

Сонымен қатар дизайнер Зере Есенбай сахналық костюмдердің дизайнын әзірлеу және тігу бойынша 40 млн теңгеге келісімшарт жасасты. Тікелей сатылым мен келісімшартты қоса есептегенде, жәрмеңкенің жалпы экономикалық нәтижесі шамамен 56 млн теңгені құрады.

Қонақтар үшін мәдени бағдарлама да әзірленді. Nomad Art Hall алаңында өңірдің мәдени мұрасы мен табиғи ерекшеліктеріне арналған Jetisu Creative бейнеролигі көрсетілді. Nomad Style Show аясында Жетісу дизайнерлері ұлттық нақыш пен заманауи этносән бағыттарын үйлестірген авторлық топтамаларын таныстырды.

Бағдарламада М. Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі өнер көрсетті. Б. Римова атындағы академиялық драма театры «Таптым-ау сені» лирикалық драмасы мен «Мұқағали» моноспектаклінен үзінділер ұсынды.

Ethno Village кеңістігінде қонақтар қазақтың дәстүрлі тұрмысымен, ат әбзелдерімен, ағаш және сүйектен жасалған бұйымдармен танысып, қыш жасау бойынша шеберлік сабақтарына қатысты.

 

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mam/press/news/details/1274755?lang=ru


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді

Exit mobile version