Солтүстік Қазақстан облысында полиция қызметкерлерінің кәсіби жұмысы мен азаматтарға дер кезінде көрсеткен көмегі тұрғындар тарапынан жоғары бағалануда.
Петропавл қаласында екі үйдің тұрғындарының атынан қала тұрғыны Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаментінің бастығына алғыс хат жолдады. Ол көршілерінің атынан қалалық полиция басқармасының бастығы Серік Әлжановқа алкоголь өнімдерінің заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталған жұмысы үшін ризашылығын білдірген.
Аталған екі үйдің тұрғындары түнгі уақытта алкоголь өнімдері сатылған сауда нүктесінің маңында тұрған. Полицейлердің мақсатты жұмысының нәтижесінде заңсыз сауда тоқтатылып, қоғамдық тәртіпке қатысты жағдай да тұрақталған. Тұрғындар оң өзгерісті бірден сезінген.
– Ақыры алкоголь өнімдерін тәулік бойы сату тоқтатылды. Соның нәтижесінде, әсіресе түнгі уақытта болатын қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері де іс жүзінде күн сайын тіркелмейтін болды. Үйлеріміздің тұрғындары тәртіп орнату үшін патрульдік полиция экипаждарын бірнеше рет шақырды. Серік Әлжановтың қабылдауында екі рет болдым. Әр жолы толық түсіністік танытылды. Қарамағыңыздағы қызметкерлердің кәсіби жұмысы үшін алғыс айтамын! – делінген хатта.
Бұл – полиция қызметкерлеріне көрсетілген алғыстың бір ғана мысалы емес. Петропавл қаласының тұрғыны қиын жағдай кезінде жедел көмек көрсеткен учаскелік полиция инспекторы Шыңғысхан Бекеновке ризашылығын білдірді.
Азаматтың айтуынша, алкогольді асыра пайдалануға бейім қызы бірнеше рет жанжал шығарып, туыстарына қоқан-лоқы көрсеткен. Учаскелік инспектор жағдайға дер кезінде араласып, қажетті шараларды қабылдаған. Кейін қызы мәжбүрлі емдеуден өтіп, қарым-қатынас біртіндеп қалыпқа келе бастаған.
Ал Тайынша ауданының тұрғыны жоғалып кеткен бұзауын іздеуге көмектескен полицейлерге алғысын жеткізді. Ол учаскелік полиция инспекторы Мэлс Мұхаметғалиев пен аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері мәселеге бейжай қарамай, іздеу жұмыстарына белсенді атсалысқанын атап өтті.
– Көрсеткен көмектеріңіз, назарларыңыз және адамгершілік қарым-қатынастарыңыз үшін әрқайсыңызға шын жүректен алғыс айтамын. Қиын жағдайда арқа сүйейтін адамдардың жанымыздан табылғаны қуантады, – деп жазған тұрғын.
Мұндай алғыс сөздер – полиция қызметкерлерінің еңбегіне берілген жоғары баға. Азаматтардың мәселесіне дер кезінде назар аударып, олардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау – полиция қызметінің басты міндеттерінің бірі.
Халықтың сенімі мен алғысы – “Заң мен Тәртіп” қағидатын күнделікті қызметте орнықтырудың маңызды көрсеткіші.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/qriim/press/news/details/1275223?lang=ru

Жауап қалдыру Жауапты болдырмау